Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варгамен кездесті.
Кездесуде қос тараптар биыл қазақ-мажар стратегиялық серіктестігіне 10-жыл толғанын атап өтіп, бүгінгі күнге дейін екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың оң көріністерін талқылады.
Қаржы министрі Михай Варга Мажарстан биылғы жылдың шілдесінен бастап Еуропалық Одақтың кеңесінде төрағалық ететінін хабарлап, жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, қос тарап екі елдің басшылары уағдаласқан сауда көлемін арттыру жолдарын қарастырып, қазақ-мажар ынтымақтастығын одан әрі арттыруға мүдделіліктерін білдірді.
Айта кету керек, Қаржы министрі Михай Варга Мемлекеттік жиналыстағы (Парламент) Қазақстан-Мажарстан парламентаралық достық тобының жетекшісі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық, сонымен қатар Мажарстан-Қазақстан Стратегиялық кеңесінің тең төрағасы.