16.06.2024 в 20:48

Шет елдердегі елшіліктердің апталық кездесулері мен іс-шаралары

Осы аптада мәдениет саласындағы өзара іс-қимылды жандандыру мақсатында  Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Ондржей Храстпен кездесті.

Диалог барысында қазақстандық елші биылғы жылы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жөнінде кеңінен ақпарат беріп, онда Чехиядан 8 спортшы күрес пен ордодан бақтарын сынайтынын жеткізді.

Одан бөлек елші еліміздің тарихын, мәдениет зерделеу мен насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, Елшіліктің бұл бағыттағы жоспарларымен бөлісті.

Дін саласындағы ынтымақтастық бойынша  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қызметі таныстырылды.

Кездесу соңында мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды.

Ал, саяси және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту бойынша Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Фламандтық Брабант провинциясының губернаторы Ян Спуренмен, VOKA Vlaams Brabant Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Крис Класпен, сондай-ақ экономика департаментінің басшысы Худрун Денхаенмен кездесті.

Кездесуде еліміздің саяси-экономикалық реформалары, Қазақстандағы бизнесті дамытудағы еуропалық компаниялардың қызығушылығы, сыртқы саясаттағы жетістіктері мен логистика, фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Сондай-ақ, елші провинция басшысын Қазақстанға шақырып, еліміздің сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Айта кету керек, Фламандтық Брабант провинциясының халқы 1,2 миллион адамды құраса, жалпы ішкі өнімі 51 миллиард еуродан асады.

Сонымен қатар, Француз Республикасындағы Қазақстан елшісі Гүлсара Арыстанқұлова 33-ші Мал шаруашылығы саммитінің басталуына орай ұйымдастырылған халықаралық презентацияға қатысты.

Презентацияда сөз сөйлеген дипломат екі ел арасында барлық салаларда ынтымақтастықтың қарқынды жүріп жатқанына тоқталып, әсіресе ауыл шаруашылығы басым салалардың бірі екендігіне тоқталды.

Бұл саладағы елімізде атқарылған жұмыстармен, сонымен қатар Үкіметтің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және отандық экспортты әртараптандыру жөніндегі жоспарлармен таныстырды.

Мал шаруашылығы саммитінің президенті Жак Шазале Қазақстанның биылғы көрмеге қатысуы аталған саладағы байланыстарды нығайтуға үлкен септігін тигізетінін мәлімдеді.

Айта кету керек, 2024 жылғы 1-4 қазан аралығында Клермон-Ферран қаласында өтетін көрмеге 120 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.

15 маусымда Эстония тұрғындарын әлем халықтарының дәстүрлерімен таныстыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Grill Fest Pirita»  көше тағамдарының фестивалінде еліміздің ұлттық стенді алғаш рет ұйымдастырылып, «Атамекен» қазақ қоғамы жергілікті тұрғындар үшін қазақтың танымал тағамдарын және музыкалық аспаптар мен қолөнер бұйымдарын ұсынды.

Қазақстан Республикасының СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Ануарбек Ахметов Литва Республикасының СІМ Стратегиялық жоспарлау және анализ департаментінің директоры Марюс Янукониспен кездесіп, сыртқы саяси жоспарлау мен мемлекеттік басқару салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Нидерланды арасындағы достық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай Гаага қаласының «Haagse Bos» орталық саябағында символдық орындықтың салтанатты түрде ашылуы ұйымдастырылып, екі елдің делегациялары мен Нидерланды елінде тұратын қазақ диаспорасы қатысты.

Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Норвегияның Цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Карианне Тунгпен кездесіп, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Іс-шарада норвег министрі бұл саладағы еліміздің жетістіктерін жоғары бағалап, бірлескен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындықтарын білдірді.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат Қазақстанда жоспарланған халықаралық цифрлық және IT-форумдарға қатысуға шақырды.