Жыл басынан «Ақорда» резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдап, еліміздегі миссияларының ресми басталуымен құттықтады.
Биылғы жылдың наурызында 6 елдің төтенше және өкілетті елшілері, атап айтқанда Сирия Араб Республикасының елшісі Башар Джафари, Мысыр Араб Республикасының елшісі Ибтиссам Ракха Ахмед Хасан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің елшісі Томас Райзен, Сербия Республикасының елшісі Владимир Йовичич, Австралия елшісі Джон Уильям Гиринг, Колумбия Республикасының елшісі Эктор Исидро Аренас Нейра еліміздің Президентіне сенім грамоталарын тапсырды.
Мемлекет басшысы қай салада болмасын ықпалдастықты орнату үшін қолдан келген шараның бәрін жасайтындығымызды айтып, әсіресе көршілес мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатылатынына тоқталды.
Сондай-ақ, еліміздегі міндеттерін жүзеге асыру барысында Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.
Ал маусым айында сенім грамоталарын Бурунди Республикасының елшісі Жозеф Нкурунзиза, Боливар Венесуэла Республикасының елшісі Росальба Ло Буэ Антико, Қатар Мемлекетінің елшісі Абдалла бен Хусейн Мұхаммед Джабер, Камбоджа Корольдігінің елшісі Чеа Сок тапсырды.
Қазақстандағы маңызды миссияларының басталуымен құттықтай келе Қасым-Жомарт Тоқаев олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.