01.07.2024 в 10:50

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды.
Стратегиялық бастамалар агенттігінің мәліметі бойынша, креативті экономика әлемдік жалпы ішкі өнімнің 6% - дан сәл астамын құрайды, бұл бүкіл әлем бойынша Ұлттық ЖІӨ-нің орташа есеппен 2-7% құрайды.
Аумақтарда креативті экономиканы дамытудың маңызды себептері: аймақтың инвестициялық және туристік әлеуеті артады, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады, жаңа жұмыс орындары құрылады, аумақтар абаттандырылады, экономиканың басқа секторлары дамиды (қоғамдық тамақтану, сауда, логистика).
Шымкентте еліміздің үшінші мегаполисі ретінде креативті индустрияның бес басым бағыты анықталды: кино және анимация, дизайн және сән, IT және ойын әзірлеу, сондай-ақ қолөнер мен музыка.
Шымкент Қырғызстан мен Өзбекстанды елдің басқа өңірлерімен байланыстыратын Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қала болып табылады, бұл қаланың бүкіл оңтүстік өңірдің туристік саласын дамыту орталығына айналуына бәсекелестік артықшылықтар береді.
Қазіргі уақытта қалада кәсіпкерлерді қолдаудың «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлерді 5 жылға дейінгі мерзімге 10 млн теңгеге дейінгі сомаға 1% - бен кредиттеуді көздейді. Бағдарлама шеңберінде ғимарат үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау арқылы креативті индустрия субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Осы бағыт бойынша 2024 жылы шығармашылық хаб ашу жоспарлануда.
Тұтастай алғанда, креативті экономиканың тиімді дамуы материалдық емес құндылықтарды құруға, адамға бағытталған тұрақты дамуды қамтамасыз етуге көмектеседі, экономиканы әртараптандыруға, өмір сүру сапасын арттыруға, жергілікті экономиканы, туризмді дамытуға ықпал етеді.