03.07.2024 в 19:40

Еліміздің Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылық тауарлары екі есе өскен

Күні кеше елорда әуежайында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алып, балалар екі елдің шынайы достығының белгісі ретінде Қазақстан мен Қытайдың туларын желбіретіп, қытай тілінде ән шырқады.

Одан әрі, Си Цзиньпинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылып, екі ел Президенттері бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, қос елдің әнұраны орындалды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқандығын айтып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Си Цзиньпинге алғысын білдірді.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет Басшысына күтіп алғаны үшін алғысын білдіріп, Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде санайтындықтарын жеткізіп, көршілес елдерге қатысты өзінің сыртқы саясатында елімізге басымдық беретіндіктерін атап өтті.

Одан кейінгі кеңейтілген құрамда өткен келіссөзде Мемлекет Басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліміздің ең ірі сауда серіктесі екенін алға тарта отырып, былтырғы тауар айналымы рекордтық көрсеткішті орнатып, 41 млрд доллардан асқандығын айтып өтті.

Энергетика, өнеркәсіп, жасыл экономика және басқа да салаларда жалпы құны 14,5 млрд долларды құрайтын 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып отырғандығына тоқталды.

Ал бүгінгі орын алған жетістіктер екі елдің ынтымақтастығының нәтижесі екендігін айтып, «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» өткізіліп жатқандығына, соңғы он бес жылда Қытайдың еліміздің экономикасына салған инвестиция көлемі 24 млрд долларға жеткендігін атап өтті.

Сонымен қатар, ел Президенті Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайтындығымен толықтырды.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы соңғы 32 жылда орнаған дипломатиялық қатынастардың өзара сенім мен ынтымақтастыққа бағытталғандығын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жаңа Қазақстан құрылатынына сенім білдірді.

Келіссөздер барысында түрлі салалардағы, оның ішінде энергетика, қаржы, көлік, ауыл шаруашылығы бағыттарындағы инвестициялық әріптестікті дамыту жолдары қарастырылып, бизнес жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге тараптар дайын екендіктерін білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы елордада Бейжің Тіл және мәдениет унверситеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасының» ашылуын қолдады.

Одан әрі екі елдің басшылары телекөпір режимінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне қатысып, жүк паромдарының қозғалысын іске қосты.

Арнайы қонақтар үшін Ұлы Жібек жолы бағытымен жүретін транзиттік рейс туралы бейнероликтің көрсетілімі ұйымдастырылып, екі ел басшылары өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған түрлі көрмелер, мәдени іс-шаралар, семинарлар өткізуге арналған Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашты.

ҚХР Төрағасының елімізге мемлекеттік сапармен келудегі айтулы оқиғалардың тағы да бір көрінісі – ол Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалының ашылуы болды.

Бұл өз кезегінде екі ел студенттерінің терең білім алып, тілдік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берсе, оның табысты жүзеге асырылуы екі ел тарапынан мәдениет және білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, екі елдің басшылары БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасап, қазақ-қытай арасындағы сауда және гуманитарлық байланыстарды дамытудағы жетістіктерге тоқталып, Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі екені аталды.

Еліміз тарапынан шетелдік компанияларға нарықта қолайлы жағдай жасауға дайын екендігі айтылып, қолға алынған ауқымды энергетикалық жобалар хабарланды.

Былтыр теміржол саласында тасымалданатын жүк көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 28 миллион тоннаны құраған.

Ал, ауыл шаруашылығы мәселелерінде Қытайдың тәжірибесі мен технологияларын қолдануға, нақты инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделілік айтылса, Қазақстанның Қытайға экспорттаған ауыл шаруашылығы тауарлары 1 миллиард долларға жетіп, екі есе өскені хабарланды.

Одан бөлек келіссөздерде ғылым, білім салалары талқыланып, онда Қытайда бүгінде 4 мыңнан астам қазақстандық жастар білім алып жатқандығы, олардың үлестерін арттыру мақсатында үкіметтік гранттар санын арттыру, озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жолдары талқыланды.

Биыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп белгіленсе, келер жылы «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» өтуі жоспарлануда.

Аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерде екі елдің ұстанымы ұқсас екендігі айтылып, Қазақстан мен Қытайдың халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастығы талқыланды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ынтымақтастық одан әрі дами беретіндігі айтылып, Бірлескен мәлімдемелерге қол қойылып, ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттары айқындалғаны хабарланды.

Екі ел Президенттері келіссөздердің жоғары деңгейде өткендігін айтып, Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Одан бөлек, партиялар арасында алмасу және ынтымақтастық туралы меморандумға, екі ел Үкіметі арасында Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Министрліктер, Ұлттық банктер мен Университеттер арасында Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Халықаралық даму саласы бойынша мемлекеттік агенттігі арасында өзара түсіністік және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды ілгерілету туралы меморандумға, Цифрлық валюта саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, Ұлттық статистика бюросы арасында статистика саласындағы ынтымақтастық аясында өзара түсіністік туралы меморандумға, Микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер және таланттарды тәрбиелеу саласындағы өзара түсіністік туралы келісімге, Қазақстан-Қытай ауыл шаруашылығы ғылымы және білім беру орталығын бірлесе құру туралы келісімге, Қазақстандағы сапаны тестілеу зертханаларын жабдықтау жөніндегі жобаны жүзеге асыруға көмек көрсету туралы келісімшартқа, Энергетика саласына қатысты стратегиялық жобалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы негіздемелік келісімге және тағы да басқа келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.