05.07.2024 в 13:43

ШҚО: Туристік аудан тазалық акциясын жалғастырды

Елімізде биыл көктемде басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын тауып келеді. Бұл жолы туризмнің төріне айналған Катонқарағайдың 200-ден астам тұрғыны тазалық науқанына қатысып, аудан көшелері мен өзен жылғаларын қоқыстан тазартты.
Еліміздің тұрғындары белсенді атсалысып келе жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына Катонқарағай ауданының халқы да жаппай қатысып, бір күнде 3 тонна қоқыс жинады.
– Тазалық акциясына аудан тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Экологиялық акция басталғалы аудан орталығында және жеті ауылдық округте 15 рет тазалық жұмыстарын жүргіздік. Шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары кестеге сай қатысып, белсенділік танытуда. Бұл маңызды шара осымен тоқтап қалмайды, ары қарай да жалғаса береді, – дейді Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Қыдырханұлы.
 Amanat партиясының ұйымдастырумен қолға алынған тазалық науқаны еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Партия өкілдері Катонқарағай ауданының орталығында жұртпен бірге тазалық акциясына қатысып, эколгиялық науқанға елмен бірге өз үлестерін қосты.
– Бүгін біз акция аясында өзен жағалаулары мен жол жиектерін қоқыстан тазаладық. Бұл шара күзге дейін жалғасатын болады. «Таза бейсенбі» акциясы айналаны таза ұстауға ғана емес, жас ұрпақты қоршаған ортасын аялауға тәрбиелейтін маңызды шара деп санаймын, – дейді Amanat партиясы Катонқарағай аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Оралұлы.
«Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысқан аудан тұрғындары өзен жағалауларын, көшелер мен тарихи ескерткіштердің, мәдени мекемелердің маңын да тазартты.
–  Біздің аудан туризмді тіршілікке тетік еткендіктен жаз бойы демалысқа келетін адамдардың қатары өте көп. Сондықтан да аудан орталығын, ауылдардың маңын, жол жиектері мен су жағалауларын таза ұстаудың маңызы зор. Одан бөлек табиғаты тамаша ауданымызды таза ұстап, қасиетті Жер ананы болашақ ұрпаққа дұрыс аманаттау бізге парыз деп ойлаймын. Сол себепті аудан тұрғындары әрбір тазалық акциясына белсене қатысып келеді, – дейді ауыл тұрғын Әділ Бердібекұлы.
Осылай туризмнің төріне айналып келе жатқан Катонқарағай ауданы тағы бір мәрте ауқымды түрде тазалық науқанын өткізді.