05.07.2024 в 19:36

Қазақстанда «ШЫҰ плюс» самитті өтті

«ШЫҰ плюс» форматында жалғасқан саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Ұйымның халықаралық аренадағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне тоқталды.

«Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек» - деген Мемлекет басшысы, парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі түрлі проблемаларды шешуге болатынын айтты.

Сондай-ақ, бұл бағытта 80 жылдық тарихы бар Біріккен Ұлттар ұйымына сенім артылатынына тоқтала келе, осы ғасырдың сын-қатерлеріне қарсы тұра алатын халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейтуді ұсынды.

Одан әрі Президент сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударып, бүгінде Ұйымға мүше елдердің сыртқы саудасы әлемдік сауданың төрттен бірін құраса, әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 30 пайызды құрайтындығына тоқталды.

Мемлекет басшысы ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарын айтып, жастарға, білім саласына ерекше мән беріп, Ұйымға мүше мемлекеттердің жас көшбасшылары мен таланттарының кездесуін ұйымдастыруды, ШЫҰ университтер желісін кеңейтуді, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттардың санын арттыруды ұсынды.

Одан бөлек, саммитте сөз сөйлеген Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Астанадағы саммитті жоғары деңгейде өткізгені және жылы қабылдауы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

Сонымен қатар өз сөзінде Шавкат Мирзиёев Ұйымның 25 жылдық мерейтойының қарсаңында әлемдік саясат пен экономикадағы орасан зор әлеуеті мен өсіп келе жатқан рөліне сәйкес келетін ШЫҰ-ның жаңа күн тәртібін әзірлеуді ұсынды.

Саммитте Рас-Әл-Хайма әмірлігінің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Әл Қасими, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер және бірқатар мемлекеттердің басшылары мен сыртқы істер министрлері сөз сөйледі.