07.07.2024 в 15:12

Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті

Әзербайжан Республикасы Шуша қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп, арнайы сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қарсы алды.

Одан әрі Президент «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» тақырыбындағы саммитте сөз сөйлеп, бүгінгі жиын түркі мемлекеттерінің бауырластығын нығайтып, дамудың бағыттарын нық айқындауға септігін тигізетінін айта келе, саммит тақырыбы барша қатысушы елдердің мүдделеріне сай келетініне тоқталды.

Өткен жылы Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде аталған ұйымға төрағалық етуді бастаған Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық мәртебесін арттыруға барынша күш салатындықтарын жеткізді.

Саммиттегі сөзінде Президент осы аралықта 40-қа жуық іс-шаралар ұйымдастырылып, білім, технология, әлеуметтік саясат, құқық қорғау, өнеркәсіп салаларында байланыстың жаңа тетіктері пайда болғанын айтты.

Сондай-ақ іс-шараны пайдалана отырып, түркі мәдениетін дәріптейтін елімізде биыл қыркүйекте өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға бауырлас елдің спортшыларын шақырды.

Түркі елдері арасындағы тұрақтылыққа, ынтымақтыққа, бірлікке тоқтала келе, Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілікті орнатуға бағытталған оң үрдістерді ерекше атап, бейбіт келіссөздер жүргізуге өз алаңымызды ұсынуға дайын екенімізді атап өтті.

Дүниежүзіндегі саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталған Президент, бұл ретте сауда және тасымал көлемін арттыруды, қаржы саласындағы байланысты нығайту бағытында  Түркі орталық банктерінің кеңесін құруды ұсынды.

Одан әрі коммуникация саласындағы Орталық Азияда IT-стартаптармен айналысатын «Astana Hub» технопаркіне тоқтала келе, осы хабтың әлеуетін пайдалануға шақырды.

Ал ана тілді, өркениетті сақтап қалу мақсатында «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.

Климаттық өзгерістерді де назардан тыс қалдырмаған Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемімен бірлесіп, бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамытуды айтып, Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясына еліміз тарапынан белсене қатысатындығын айтты.

Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық жағдайға қатысушылардың назарын аударып, Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңыздылығына тоқталды. Каспий мәселесін шешуде түркі елдері ғалымдарының бірлескен күшін біріктіруді ұсынды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу түркі әлемінің халықаралық беделін арттырып, бауырластықты нығайта түсетініне сенім білдірді.

Саммит қорытындысы бойынша Қарабақ декларациясы қабылданып, Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығын нығайту туралы мемлекеттер басшыларының шешіміне қол қойылды.

Айта кету керек, Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым.