Шілдеде Қазақстан Президенті түрікмен халқының көшбасшысы ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқан Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.
Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын айтып, әсіресе энергетика саласындағы ықпалдастыққа ерекше тоқталып өтті.
Гурбангулы Бердімұхамедов ШЫҰ саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, басқа да салалардағы, атап айтқанда өнеркәсіп, көлік, логистика бағыттарындағы ынтымақтастықты талқылады.
Биылғы жылдың басында Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Тәжібаев Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Құрбановпен кездесіп, 2024 жылға арналған ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, екіжақты сапарлар мен тұрақты байланысты орнату қажеттілігі айтылды.
Ал, 19-23 ақпан аралығында түрікмен кәсіпкерлерінің делегациясы Астанаға арнайы іссапармен келіп, инвестициялық ынтымақтастық, химия өндірісі, құрылыс, инновация салаларындағы өзара қарым-қатынас перспективалары талқыланды.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшылығы, «Astana Invest «ЖДО» ЖШС және «Астананы дамыту орталығы» ЖШС басшылығы шетелден келген кәсіпкерлермен кездесіп, инвестициялық келісімшарт және елордалық арнайы экономикалық аймақ шеңберінде ақпарат берді.
Түрікменстандық кәсіпкерлер «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясында инвестициялаудың басым бағыттары мен артықшылықтарымен танысып, инвестициялық ахуал туралы мағлұмат алды. Ал, «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ басшылығымен сауда саясатын дамыту жолдарын талқылады.
Инвесторлар «Astana Invest» Индустриалды парк кәсіпорындарына ұйымдастырған таныстыру турына да қатысты.
Қос тарап, мұндай кездесулер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетінін мәлімдеді.
Ал, ақпан айында Ашғабат Олимпиадалық қалашығында өткен Түрікменстанның дипломатиялық қызметкерлерінің күніне орай спорттан жарыс ұйымдастырылып, Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігінің ұжымы белсене қатысты.
Одан бөлек, мәдениет саласына қатысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Реджеппен кездесті.
Екіжақты кездесуде маусым айында өтетін Қазақстандағы Түрікменстанның мәдени күндері мен осы жылы қазан айында жоспарланған Түрікменстандағы Қазақстанның мәдениет күндерін талқылады.
Сондай-ақ, мамырда Ашхабад саябақ кешенінің аумағында ұлы қазақ күйші композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш ашылып, Түрікменстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Білім саласында да екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда. Оған мысал Түрікменстанда өткен ағартушы және ақын Махтұмқули Пыраганың 300 жылдығына арналған алғашқы халықаралық математикалық олимпиадаға елімізден 8-9 сынып аралығындағы 15 оқушының қатысып, 4 күміс және 6 қола медаль жеңіп алуын атап өтуге болады.
Аталған олимпиадаға әлемнің 13 елінен 130-ға жуық оқушылар қатысқан.
Сәуір айында Ашғабатқа іссапармен барған «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Түрікменстанның министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Батыр Аманов және «Türkmengaz» мемлекеттік концернінің төрағасы Мақсат Бабаевпен кездесіп, газ саласындағы серіктестікті талқылады.
Ашғабатта Қазақстан-Түрікменстан консулдық консультациялары ұйымдастырылып, аталған саладағы жұмысты жетілдіру және консулдық қызметте заманауи технологияларды енгізу бойынша қазақстан делегациясы мен түрікмен делегациясы пікір алмасты.
Мамыр айында Түрікменстанға арнайы іссапармен барған еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновті Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қабылдап, екі ел арасындағы ынтымақтастық талқыланды.
Олжас Бектенов екі ел арасындағы тауар айналымы бір жылда 28%-ға артып, $563 млн-ды құраса, биылғы үш айдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы $105 млн-ға жеткенін айтты.
Сондай-ақ кездесуде газ, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара қарым-қатынас пен қолға алынған жобалар айтылды.
Үкімет басшысы ТМД үкіметтері басшыларының кеңесінің кезекті отырысына қатысып, онда денсаулық сақтау, көлік, химия өнеркәсібі және т.б. салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі қаралды.
Олжас Бектенов кеңес отырысында ТМД-ның инвестициялық экожүйесін жақсарту мәселесіне ерекше тоқталып, қатысушылардың назарын көлік дәліздерін дамытуға аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 7-8 қарашада Ресейде өтетіні хабарланып, жан-жақты ынтымақтастықты дамыту бойынша 11 құжатқа қол қойылды.
Мамыр айында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және стратегиялық жағынан маңызды салаларда тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті.
Биылғы жылдың 20 маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына Маңғыстау облысының әкімі болған Нұрлан Асқарұлы Ноғаев тағайындалды.
Шілде айының басында Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Нұрлан Ноғаевты қабылдап, екі ел арасындағы сауда және мәдени-гуманитарлық, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді.
Ал, бұған дейін Түрікменстандағы елшілікті атқарған Асқар Тәжібаев Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесіп, саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстан-түрікмен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Кездесу соңында Рашид Мередов екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін еліміздің дипломатына алғысын білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.