11.07.2024 в 18:56

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали Литва Республикасының Қазақстандағы Елшісі Эгидиус Навикаспен кездесіп, екі ел арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты талқылады.

Асхат Жұмағали елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан реформалармен таныстыра келе, жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудағы негізгі басымдықтардың бірі превенция,  яғни сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылатындығын баса айтты.

Агенттік қызметінің негізгі бағыттарымен таныстыра келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысымен, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі шаралармен, сонымен қатар бизнесті, оның ішінде инвесторларды қорғау бағыттарында атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Кездесуде Агенттік Төрағасы Литваның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәжірибесін зерделеп, пайдалануға, осы салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Өз кезегінде Литва Республикасының Елшісі Эгидиус Навикас елімізбен жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы атқарып жатқан жұмыстарының маңыздылығына тоқтала келе, Литва Республикасының Арнайы тергеу қызметімен әріптестік қарым-қатынастарды дамыту перспективаларына сенім білдірді.

Одан бөлек, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеке құрамы үшін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің (СЖҚЖ) сарапшылары арнайы тренинг өткізді.

«Жемқорлық қылмыстарды анықтау және тергеу: заманауи және үздік тәжірибелер» тақырыбындағы тренингке Литваның арнайы тергеу қызметінің өкілдері қатысушыларды жемқорлық құқық бұзушылықтарды тергеудің озық әдістерімен  таныстырып, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бірнеше күнге жалғасқан тренингте халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері қаралып, трансшекаралық жемқорлық қылмыстар бойынша бірлескен тергеу топтарын пайдалану, активтерді қайтару және қазақстандық құқық қорғау органдары үшін Еуроюстпен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шарада практикалық сабақтар мен нақты жағдайлар талқыланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру, шетелдердегі озық тәсілдерді меңгеру мақсатында халықаралық тренингтер, кездесулер мен семинарларды жалғастыруды жоспарлауда.