21.07.2024 в 12:48

Қазақстанда алғашқы көлік сауда-экспорттық форумы өтті

Ақтауда өткен алғашқы көлік сауда-экспорттық форумында «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі талқыланып, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин аталған дәліз қай елден басталып, қай елмен аяқталса да, барлық бағыты Қазақстан арқылы өтетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин бұл форумды ұйымдастыру идеясы биылғы жылдың сәуірінде Қазақстан, Ауғанстан, Түрікменстан өкілдерінің үшжақты кездесуінде туындағанын айтып, аталған көлік дәлізінің шығыс бағытындағы өткізу мүмкіндігі бүгінде 6 млн тоннаны құраса, 2027 жылға қарай 10 млн тоннаға, 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланғандығын айтты.

Сонымен қатар, көлік саласындағы маңызды форумға қатысушы 12 мемлекеттің өкілдері халықаралық дәліздің мүмкіндіктері мен экономикалық тиімді тұстарын саралады.

Форумда Түрікменстанның батыс шекарасынан Ауғанстан арқылы Пәкістанға, одан әрі Үндістанға өтетін жаңа теміржол магистралін салу мүмкіндіктері талқыланды.

Көлік министрі Марат Қарабаев солтүстіктен оңтүстікке жүретін көлік дәлізінің жаңа бағытының пайда болуын тарихи шешім деп бағалады.

Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің басшысы Мамметхан Чакыев өз өзінде Тургунди – Герат – Кандагар – Спин – Булдак жаңа теміржол магистралін салуға Қазақстандық тарапты шақырып, ауғанстандық әріптестермен бірлесіп құрылысты жақын арада жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Мамметхан Чакыев Қазақстанның теміржол төсемінің сапалы өндірісі бар екендігін айтып, еліміздің қатысуымен осы дәліздің тартымдылығын арттыруды жоспарлап отырғандықтарын мәлімдеді.

Ал Ауғанстан тарапы Қазақстан мен Түрікменстан арқылы Пакистанға жүктердің транзитін қамтамасыз етуге дайындықтарын жеткізе отырып, қытай тауарларын импорттауға қызығушылық танытты.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жаңа теміржол бағытын бірлесіп жүзеге асыру ұсынысына қолдау білдірді.

Айта кету керек, 2 күнге созылған форумға 12 елден, атап айтқанда Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Армения, Ауғанстан, БАӘ, Иран және басқа да елдерден 440-тан астам қатысушы мен Еуразиялық экономикалық комиссияның, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының өкілдері қатысты.