21.07.2024 в 16:21

Бүгінде Қазақстанда 300-ден астам италияндық компаниялар жұмыс жасауда

Екіжақты ынтымақтастық пен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстанның Елшісі Ерболат Сембаев Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллимен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Италияға сапары барысында қол жеткізілген нәтижелер мен келісулер талқыланып, екі ел тарапынан жүргізіліп отырған саяси және экономикалық реформалар айтылды.

Айта кетсек, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға алғашқы жұмыс сапарымен барып, алдымен Квиринале сарайында Президентті салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстанның туы көтеріліп, екі мемлекеттің әнұрандары шырқалды.

Ресми сапар Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесуден басталып, Президенттер делегация мүшелерімен таныстырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Италия еліміздің Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің  және экономикаға қаржы салған басты инвесторлардың бірі екендігін айтып, бүгінде сауда-саттық көлемі 14,5 млрд доллардан асса, жуырда тауар айналымы 20 млрд долларға жететіндігіне сенім білдірді.

Қазақстанда 300-ден астам италияндық компаниялар жұмыс жасаса, еліміз тарапынан олардың қолайлы жұмысы үшін барлық жағдайлар жасалған. Дегенімен Президент экономика бағытында ғана емес, мәдениет, туризм және басқа салаларда да ынтымақтастықты күшейту мәселесін көтерді.

Кездесуде әлемдік аренадағы және халықаралық ұйымдардағы Қазақстан мен Италияның рөлі талқыланып, келіссөздердің нәтижесі экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікке жаңа серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Одан әрі Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізіп, инвестициялық, білім беру, мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық, жасыл энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейту, әуе қатынасын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу соңында бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірнеше құжаттарға, атап айтқанда екі елдің Үкіметтері арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісімге, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум және тағы да басқа бірлескен құжаттарға қол қойылды.

Халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысқан Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, еліміздің инвестициялық жағдайымен таныстырды.

Мемлекет басшысы еліміздің 80 пайыздан астамы Еуропаға эскпортталатынын айтып, ұзақ жылдан бергі энергетикадағы серіктес ретінде Италияға алғысын білдіріп, ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент өз сөзінде елімізде барланбаған 5 мыңнан астам кен орындары бар екенін айтып, қажетті инвестиция жағдайында пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болатынын хабарлады.

Ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастыққа тоқтала келе, серіктестермен бірге макарон, ет, сүт, дәнді дақылдарды өндіру бағыттарында ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

Еліміздің Президенті Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдап, өткен жылдағы ынтымақтастықты қорытындылап, алдағы жоспарларды қарастырды.

Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдау кезінде энергетика және мұнай химиясы салаларындағы серіктестікті, NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдауында авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдауында аграрлық сектордағы инвестициялық жобаларды іске асыруды  талқылады.

Жалпы айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында жан-жақты келіссөздер, қабылдаулар, кездесулер, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, сапарлар қолға алынған.

Айта кету керек, Қазақстанның инвестициялық ахуалы Марке аймақтық кеңесінің өкілдері, Еси қаласының мэрі, сондай-ақ итальяндық компаниялар мен ұйымдар қатысқан Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы конференция барысында да хабарланды.