04.08.2024 в 20:32

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы энергетика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, көлік салаларындағы ынтымақтастық

Екі ел арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, мұнай мен газдың мерзімінде жеткізілуі бойынша мәселелер еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Атамқұловтың Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Ж.Мирзамахмудовпен кездесуінде талқыланды.

Аталған саладағы электр энергиясының ағындары бөлігінде жолға қойылған ынтымақтастықпен қатар, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан арасындағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы бойынша қабылданған үшжақты шаралар қаралды. Қазақстан мен Өзбекстан жобаның үлесіне 33 пайыз, Қырғызстан тарапы 34 пайыз үлес қосады.

Кездесу қорытындысы бойынша энергетика саласындағы екіжақты қарым-қатынасты дамыту мен өзара іс-қимылға әзірлілік расталды.

Одан бөлек, қазақстандық дипломат ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылау мақсатында Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі И.Абдурахмоновпен кездесті.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы дақылдарын бірлесіп өсіру жобаларын жүзеге асыру, астық өңдеу кластерін құру мәселелерін талқылады.

Айта кету керек, елімізден көрші елге бидай, ет, ұн, өсімдік майы, картоп, арпа экпортталса, Өзбекстаннан жеміс-жидектер мен көкөністер, сарымсақ, пияз әкелінеді. Жалпы айтқанда, былтырғы жылғы сауда көлемі 4,4 млрд долларды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында 1,7 млрд долларды құраған.

Кездесу соңында Б.Атамқұлов биыл 7 тамызда елімізде өтетін Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумына және Іскерлік кеңестің кезекті отырысына ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді белсене қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, денсаулық саласындағы ынтымақтастықты дамыту,  екі елде аталған саладағы қолға алынған реформалар мен жобаларды талқылап, пікір алмасу мақсатында қазақстандық Елші Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Асилбек Худаяровпен кездесті.

Тараптар медициналық сала қызметкерлері мен осы бағыттағы жоғары оқу орындарында студенттердің тәжірибе алмасуы, дипломдарды өзара тану, медициналық туризм бағытын дамыту жолдарын қарастырды.

Кездесу соңында екі ел арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірілді.

Одан бөлек, Өзбекстанда өткен Орталық Азия мен Корея Республикасының талдау орталықтарының форумына Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты өкілдері мен Қазақстан Елшілігінің дипломаттары қатысты.

Форумда энергетика және пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту мен өңірдің су қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылып, Орталық Азия мен Корея Республикасының өзара тиімді әріптестігін дамыту жолдары талқыланды.

Айта кету керек, соңғы жылдары Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы қарқынды дамуда. Биылғы жылы Корея Республикасының Президенті Қазақстанға, Түрікменстанға, Өзбекстанға ресми сапары барысында келер жылы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитін өткізу туралы бастаманы көтерген болатын.

Көлік саласындағы әріптестікті талқылау мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Б.Атамқұлов «Узавтосаноат» АҚ Басқарма төрағасы У.Розукуловпен кездесті.

Кездесу барысында «Узавтосаноат» АҚ қызметі мен сапа стандарттары, бірқатар шет мемлекеттердегі серіктестіктермен бірлескен жұмыстары мен жоспарлары таныстырылды.

30 жылдық тарихы бар холдингтік компанияның жылдық айналымы 5,6 млрд долларды құрайды және онда 30 мыңнан астам, ал аралас салаларда 200 мыңнан астам қызметкерлер жұмыс жасайды.

Ал, компанияның жалғыз акционері Өзбекстан Республикасының экономика және қаржы министрлігі болып табылады.

Құрылымына 85-тен астам ұйым кіретін холдинг көліктердің барлық түрлерін, трактор, комбайндарды, бөлшектерді шығарады.

Ал, көлік құралдары мен олардың бөлшектерін шығаратын зауыттар Ташкент, Навои, Хорезм, Самарқанд, Джизах, Намангандта орналасқан.

Елші компанияның автобустар, жүк көліктері, жеңіл автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығарудағы стандарттарымен танысып, одан әрі Ташкент политехникалық мұражайында болды.

Аталған мұражайда Өзбекстанда шығарылатын көліктермен қатар, әртүрлі елдерден келген ескі көліктер топтамасымен де танысты.

Ал, масс-медиа саласындағы ынтымақтастық Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің Директоры Асаджон Ходжаевпен кездесуде талқыланып, екі елдің бұл бағыттағы реформалары, қабылданған заңдар мен телеарналарды тарату мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, бұл саланы дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында БАҚ мәселелеріне жауапты тұлғалардың қатысуымен кездесулер өткізу қаралды.