05.08.2024 в 22:44

Қазақтың «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі ресей сахнасында көрсетілді

Қазақстан мен Ресей астаналары арасындағы байланысты нығайту мақсатында Астана әкімдігі мен Ресей үкіметінің ұйымдастыруымен биылғы жылдың 31 шілде - 2 тамыз аралығында «Мәскеудегі Астананың мәдениет күндері» фестивалі өтті.

Мәдениет күндерінің ашылуы «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклімен басталды.

Қазақтың мәдени мұрасы, мәңгілік махаббат тақырыбындағы мюзикл мықты сюжетімен, музыкасымен, әртістердің шебер ойнауымен көрермендерді баурап алғаны, олардың ду қол шапалақтағанынан байқауға болады.

Жасөспірім көрермен музыкалық театры ұсынған мюзикл Мәскеу тұрғындарына қазақтың поэзиялық мұрасын және бай мәдениетін танытып, ұлттық ерекшелігімен, ғажайып костюмдерімен көптің ықыласына бөленді.

Аталған мюзикл режиссері Асхат Маемировтің айтуынша, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухын көрсету болған және осы күндер аралығында Драмалық өнер мектебінің сахнасында өзінің «Гаухартас» спектаклін ұсынды.

Мәдени күндердің екінші күнінде көрсетілген спектакльге көрермендер жоғары бағаларын беріп, әртістердің шеберлігіне тәнті болды.

Айта кету керек, адам жанының тазалығын арқау еткен қойылым, ұлттық отбасылық рухани құндылықтарды дәріптей отырып, жар қадірін түсіну, махаббатты, бақытты шын бағалауға үйретеді.

1975 жылы Дулат Исабековтың повесінің желісімен көркем фильм түсірілсе, 2023 жылы туынды қазақ театры сахнасында көрсетілді.

Спектакльдегі «Құдаша» халық әніне түсірілген би әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, жастар арасында қолдау тапты.

Бұл мәдениет күндер аясында мәскеуліктер еліміздің бай мәдениетімен танысып қана қоймай, екі елдің делегациясы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырды.

Қазақстандық делегация келіссөздер жүргізіп, мәдени ынтымақтастық бойынша дөңгелек үстел өтіп, туристік бизнес өкілдерінің кездесуі ұйымдастырылды.

Ал, Люблин саябағында еліміздің астанасындағы көрнекті орындар бейнеленген үздік туындылардан «Астана – менің махаббатым» фотокөрмесін тамашалады.

Мәскеу Халықаралық музыка үйінде өткен гала-концертте Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, опера жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, балет әртістері Бақтияр Адамжан және Әйгерім Бекетаева, «Новая волна-2014» балалар байқауының жүлдегері Мұхаммедәли Жүгінісов және тағы да басқалар өнер көрсетті.

Гала-концерт керемет қошеметпен өтіп, мәскеуліктер қазақтардың өнеріне тәнті болды.