Елімізге Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін арнайы келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті Астана әуежайынан Премьер-Министр Олжас Бектенов қарсы алды.
Қазақстанның Түрікменстанмен сауда көлемі 5 жыл ішінде 4 есеге өссе, соңғы жылда 28 пайызға артып, биылғы жылдың 6 айында $237,2 млн-ды құраған. Әріптестіктің басты бағытын газ және транзиттік-көлік салалары құрайды.
Олардың ішінде 225 шақырым болатын «Қазақстан шекарасы – Гарабогаз – Түрікменбашы» жаңа автожолының және Гарабогазгол шығанағы арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыстары бар.
Ал, Тәжікстанмен еліміздің сауда айналымы биылдың өзінде $575,7 млн-ды құраса, оның ішінде еліміздің экспорты 18,9%-ға артқан. Ал екіжақты серіктестіктің басты бағытын су қатынастары саласы құрады.
Қазақстан мен Қырғызстан арасында су-энергетика, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 26 %-ға өссе, биылғы жылдың 5 айында $614,3 млн-ды құрап, елімізден тауар экспорты 6,7%-ға артқан.
Әзербайжанмен қарым-қатынастар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда қарқынды дамуда. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 14,3%-ға артып, $529,4 млн-ды құраса, биылғы жылдың 6 айында $280,6 млн-ға жеткен.
Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында цифрлық коммуникация, көлік-логистика, мұнай-газ, ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен жобалар жүзеге асуда.
Айта кету керек, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған консультативтік кеңестері 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және өзара сауда көлемдері соңғы 5 жылдың ішінде $5,7 млрд-тан $11 млрд-қа дейін өскен.