ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев және Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев Шымкент қаласындағы халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталық пен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында болды.
Жұмыс сапары барысында үшінші мегаполистегі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасымен танысты. Министр Мәделі Қожа көшесі, 1 Г мекенжайында орналасқан ХҚКО-ға барып, арнайы қызмет алды. Бұл орталық кезекші ХҚКО саналатындықтан сенбі күндері сағат 13:00-ге дейін қызмет көрсетеді. 2022 жылы қайта жаңартудан өткен орталық заманауи техникамен жабдықталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген. Айта кетейік, келушілер мұндағы «Connection point» секторынан мемлекеттік қызметтерді маманға жүгінбей, өздері де алуына мүмкіндігі бар. Ал қиындық туған жағдайда орталық мамандары тұрғындарға цифрлық сауат негіздері және электронды үкімет полрталында өздігінен жұмыс істеуді, яғни өзіне қызмет алуды үйретеді. Ағымдағы жылда өзіне-өзі қызмет көрсету секторныда 100 мыңнан астам азамат қызметті пайдаланған.
- ХҚКО-мен қоса біз мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысын көрсеттік. ЖЖЕ 3.0 жүйесін енгізу және заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде жүргізуші куәлігін алуға байланысты мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы едәуір жақсарды», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Бүгінгі таңда үшінші шаһарда барлығы 12 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр, оның ішінде төртеуі – мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Сонымен қоса көші-қон қызметтерін көрсету және кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы да бар. Барлығы Kaizen қағидатымен жұмыс істейді. Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалында 554 мың мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айта кетейік. 29 мыңнан аса жүргізуші куәлігі беріліп, автокөліктерді қайта тіркеуге байланысты 82 мың қызмет көрсетілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Соның бірі - 2021-2025 жылдарға арналған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Аталған жоба цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ғылыми үлесін арттыруға бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты - елімізді заманауи мемлекетке айналдыру, цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдауды, цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру.