Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклымен кездесу барысында айтылды.
Елімізден Түркияға өсімдік шаруашылығы, атап айтқанда мақта талшығы, жасымық, дәнді дақылдар, бұршақ дақылдары жеткізілсе, бұл күнге дейін мал ауруларына байланысты тыйым салынған мал шаруашылығы өнімін экспорттау бірқатар келіссөздерден кейін биыл қайта қолға алынбақ.
Сондықтан да Түркия Республикасына елімізден барған делегацияның құрамында мал өсіру, бордақылау, сою және ет өндіру зауыттарының өкілдері енді.
Ал Түркиядан Қазақстанға кондитерлік өнімдер, шоколад, жемістер мен жаңғақтар экспортталуда.
Кездесу барысында елі мемлекет арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқандығы айтылып, инвестиция тарту көлемін арттыру қарастырылды.
Сапар нәтижесінде агроөнеркәсіптік өнімдерге инвестиция сомасы 2 млрд доллар болатын құжатқа қол қойылса, 80 млн долларды құрайтын ет жеткізуге арналған сауда келісімшартына қол қойылды.
Түркияның Сауда-өнеркәсіп палатасының алаңында сөз сөйлеген министр А.Сапаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі Түркияның рөліне тоқталып, сүт және былғары өңдеу саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.
Бұған дейін түрік инвесторларының қатысуымен 6 инвестициялық жоба сәтті іске асырылса, бүгінде 553 млн долларға жылыжай кешендерінің, көкөніс қоймаларының және тағы да басқа ауыл шаруашылығы саласында 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл жұмыс сапар аясында қазақстанның экспортына жол ашатын Түркияға жасымық жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және экспорттауға маманданған Түркияның жетекші компанияларының бірі - Armada Gıda, бүгінгі күнге дейін Қостанайдан жасымық сатып алған.
Tiryaki Holding компаниясымен 250 мың тонна бидай жеткізу туралы меморандумға қол қойылды.
Азық-түлік корпорациясының Басқарушы директоры Рустам Жанатаев сапар барысында Түрік астық басқармасының бас директоры Ахмет Гулдалмен кездесіп, қазақстандық астықты жеткізу көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестицияларды тарту мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапар барысында ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе, білім, технологиялармен алмасу мақсатында Түркия Республикасының Ауыл шаруашылығын зерттеу және саясат Бас басқармасы (TAGEM) мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы арасындағы ауыл шаруашылығын зерттеу және ынтымақтастық туралы хатына, ҰАҒББО пен түрік омарташылар қауымдастығы арасындағы Халықаралық ғылыми-практикалық ынтымақтастық туралы Меморандумға, ҰАҒББО пен Сивас ғылым және технологиялар университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Анкараға сапар барысында қазақстандық делегация дала дақылдары ғылыми-зерттеу институтының генетикалық тұқым банкінің, Түркия тұқым өндірушілері мен жеткізушілер қауымдастығының (TSUAB) жұмысымен танысты.