Сонымен қатар, Бішкекте Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 22-ші отырысы Қырғызстан Республикасының Бас прокурорының төрағалығымен өтті.
Онда ШЫҰ мүше елдердің бас прокурорлары, ұйымның хатшылығының, Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының, Халықаралық прокурорлар қауымдастығының басшылары қатысты.
«Қазіргі әлем мен цифрландыру дәуіріндегі прокуратураның рөлі: ШЫҰ елдерінің жаңа қатерлерге қарсы іс-қимыл және адам құқықтарын қамтамасыз етудегі тәжірибесі» тақырыбындағы отырыста қатысушылар цифрландыру дәуіріндегі адам құқықтарын қамтамасыз ету бойынша стратегиялар әзірлеп, заманауи қауіп-қатерлерге тойтарыс берудегі тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.
Бұл тақырыпта Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, Қытай Халық Республикасының, Өзбекстан Республикасының, Индияның, Тәжікстан Республикасының, Пәкістан Ислам Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Беларусь Республикасының бас прокурорлары мен ШЫҰ Хатшылығы, Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының басшылығы доклад оқыды.
Еліміздің Бас прокуроры қылмыс түрлеріне қарсы іс-қимыл саласында және инвестицияларды тарту мен қорғауға байланысты қызметті жүзеге асыру кезіндегі цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ бастамасының «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік» аясында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударатындығын жеткізіп, оны іске асыру бойынша тиісті шараларды қабылдауға шақырды.
Аталған отырыс ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтумен қатар, аймақтағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті күшейте түспек.
Одан бөлек, Берік Асылов Қытай, Қырғызстан және Ресейдің Бас прокурорларымен кездесіп, құқық қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы бірлескен жоспарларды талқылады.