25.08.2024 в 16:38

Қазақстанның цифрландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы

Экономикасы дамыған елдердің барлығы сандық жүйеге ауысып,  бүгінде ақпараттық технологиялар қарыштап дамып, әлемде IT саласы айрықша сұранысқа ие болуда.

Бұл ретте Қазақстан да барлық салаларда цифрландыру үрдістерін жүргізіп қана қоймай, басқа да шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, оқытулар мен тренингтер өткізіп, маңызды құжаттарға қол қойып, тәжірибе алмасуда.

Жақында IT технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі, Тәжікстанның «Амонатбанк» жинақ банкі және Freedom Bank қол қойды.

Аталған меморандумда тараптар озық технологияларды ұзақ мерзімді негізде дамытуға, электронды үкімет бастамаларын жүзеге асыруда, цифрлық инфрақұрылымды дамытуда бірлесе жұмыс жасауға келісті.

Қазақстандағы инновациялық Freedom Bank қаржыландыруының арқасында Тәжікстанда технопарк құрылып, стартаптарды қолдау, цифрлық экожүйені дамыту жоспарланған.

Одан бөлек, Тәжікстанда Freedom Bank еншілес ұйымын ашу мақсатында орны анықталып, топ жиналуда. Бұл өз кезегінде аталған елге цифрлық қызметтерді енгізуге мүмкіндік берумен қатар, банкке еншілес ұйымды ашу тәжірибесін кеңейтуге, ал жалпы екі ел арасындағы аймақтық ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді.

 Аталған банк елімізде автонесие, цифрлық несиелерді цифрландырып, инвест карта секілді бірнеше цифрлық карталарды шығарған. Еліміздің ірі қалаларында 16 филиалы жұмыс жасауда.

Технологиялар мен инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында елімізде Орталық Азияның бес мемлекеті мен 100-ден астам жапондық компаниялардың қатысуымен «C5+Жапония» бірінші бизнес форумы өтті.

Онда Қазақстан тарапы Жапонияда IT-жүйелерді дамытып, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Моңғолияда мамандарды оқытып, жұмысқа орналастыруға қатысатын Challenge and Lead компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, форумда жасанды интеллект технологияларын енгізу, ақпараттық саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында білім мен тәжірибе алмасу мақсатында Ақпараттық қауіпсіздік комитеті және Әзірбайжан Республикасы цифрлық даму және көлік министрлігі жанындағы Электрондық қауіпсіздік қызметі Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, электрондық үкімет бастамалары, киберқауіпсіздікті арттыру мәселелері бойынша әріптестікті арттыру мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Конго Республикасының Пошта, телекоммуникация және цифрлық экономика министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Елімізде Орталық Азия аумағындағы венчурлық инвестициялар мен стартаптарды біріктірген Central Eurasia Venture Forum 2024 ресми ашылуы өтіп, венчурлық нарық пен инновациялық экожүйені дамыту жолдары талқыланды.

Қазақстанда стартаптар мемлекет пен инвесторлардан қолдау ала отырып, жақсы дамып келеді. Тіпті халықаралық ұйымдар тарапынан белгілі бір мәртебелерді иеленуде.

Мәселен, білім беру технологиясы саласындағы жетекші стартап CodiPlay компаниясы 2 жылдың ішінде қарқынды дамып, балаларға геймификация арқылы бағдарламалауды үйретуде және еліміздің бірқатар мектептерінде бұл платформа қолданылуда . Аталған компанияға елімізбен қатар Оңтүстік Кореядан инвестиция тартылып, шағын ғана стартап ретінде ашылған компания бүгінде шетелдерде өз өнімдерін таратуда.

Аталған компания бүкіл әлем бойынша балалар арасында цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған шешімді, яғни қызықты мобильді ойындар арқылы Scratch, C++, және Python тілдерінде бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік береді.

Биыл CodiPlay  БҰҰ Бас хатшылығының  қолдауына ие Digital Public Goods Alliance (DPGA)* компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болды.

Бұл мәртебе ашықтық пен қолжетімділіктің қатаң стандарттарына сай келетін, құпиялылық туралы заңдарды сақтайтын жобаларға беріледі және осындай мәртебеге бұған дейін екі қазақстандық компания ие болған еді.

Елімізді шет елде танытып жүрген бірден-бір инновациялық өкілдік – ол стартаптарға қолдау көрсетіп, дамыту жолдарын көрсететін Silkroad Innovation Hub.

Бұл Hub әлемдік университеттер рейтінгінде бірінші орында тұрған Калифорниялық Berkeley Asia Business Club-пен серіктестік орнатып, Орталық Еуразияны әлемдік сахнада танытуға мүмкіндік алды.

Астанаға арнайы сапармен келген Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациясымен циярлық трансформация, үкімет қызметін цифрландыру, стратегиялық жоспарлау салаларында тәжірибе алмасып, цифрландыру саласындағы стартаптар мен Астана хабтың қызметі таныстырылды.

Одан бөлек, мемлекеттік органдардың басшыларына арналған жасанды интеллекті қолдана отырып, түрлі салалардағы мемлекеттік басқарудың әдістерін үйрететін Мұхаммед бен Рашид мемлекеттік басқару мектебі Executive Leadership бағдарламасы іске қосылды.

Жасанды интеллекті дамыту перспективалары, оны пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелері мен заңнамалық реттеу мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу мақсатында қазақстандық делегацияның Стэнфордтың халықаралық қауіпсіздік және ынтымақтастық орталығының штаттан тыс қызметкері Dr. Micheal Hsiehмен кездесуі өтті.

Жиырма жылдан астам АҚШ технологиялық индустриясында тәжірибесі бар сарапшының айтуынша екі жылдан кейін жасанды интеллектінің жаһандық экономикадағы үлесі 900 млрд долларды құраса, 2030 жылға 15 трлн долларды құрайды деп жоспарлануда.

Бұл саладағы ынтымақтастық Сауд Арабиясымен де тығыз жүргізілуде. Мәселен, Эр-Риядта өткен GCC – Central Asia Investment Forum инвестициялық форумның нәтижесінде Al - Farabi Innovation Hub пен Al Rajhi International for Investment арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған құжат әлемдік деңгейде дамуға, жаңа капиталға еркін қол жеткізуге мүмкіндік берсе, Сауд Арабиясы үшін кәсіпкерлердің үздік тәжірибесін алуға, Орталық Азияның жаңа технологиялық компанияларымен танысуға мүмкіндік береді.

Дубайда Qaz Steppe Innovation Hubтың ашылу салатанаты өтті. Аталған хаб IT-жобаларға аймақтың әртүрлі елдерінде өнімдерді жылжытуға көмектеседі. Бүгінде платформа 15 қазақстандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өздерінің IT шешімдерін ұсынуға көмектесті.

Жасанды интеллекті, электрондық үкімет және телекоммуникация саласындағы әріптестікті дамыту мақсатында Сингапурлық компаниялармен де тығыз жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан Оңтүстік Шығыс Азиядағы ең ірі байланыс операторы Singapore Telecommunications Limitedпен, цифрландыруды дамыту саласындағы «NCS» ұйымдарымен кездесулер өткізді.

Ұлттық суперкомпьютер орталығының (NSCC) өкілдерімен кездесуде компанияның жұмысы, суперкомпьютерлік технологиялардың экожүйесі, қайта өңдеу жұмыстары таныстырылды. Компаниямен тәжірибе алмасу, консультациялар жүргізуге, қазақстандық экожүйеге қатысу бойынша келіссөздер жүргізілді.

Қазақстан мен Кореяның цифрландыру саласындағы ынтымақтастығы соңғы 5 жылда қарқынды дамуда. Елімізге арнайы сапармен келген Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі доктор Ли Чон Хомен кездесуде электронды үкімет саласында тәжірибе алмасу, жасанды интеллекті пайдалану, IT-саласын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілді.

Сонымен қатар, маңызды кездесуде қазақстанның бұл салада жеткен жетістіктері, электронды үкімет компоненттері мен қазақстандық  Govtech шешімдері таныстырылды.

Елімізде ай сайын 5 миллионнан астам азаматтар қолданатын eGov мобильді қосымшасында 33 цифрлық құжат пен 1067 қызмет қолжетімді.

Бүгінде Үкімет экономиканың даму қарқыны тездетіп, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жан-жақты бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып, халықаралық байланыстарды барынша қолдауда.