08.09.2024 в 19:18

Қазақстан мен Сербия ынтымақтастығы қарқынды дамуда

«Қазақстан-Сербия» үкіметаралық комиссиясының 3-отырысына қатысу үшін елімізден Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған арнайы делегация Белградқа ресми сапармен барды.

Аталған комиссия отырысы Сербия Премьер-Министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичтің төрағалығымен өтті.

Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы еліміздің маңызды сауда серіктестігі ретінде өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 91,2 млн долларды, оның ішінде экспорт 11,4 млн долларды, ал импорт 79,8 млн долларды құраған. Елімізге Сербиядан алюминий, дәрі-дәрмектер, картон өнімдері тасымалданса, Қазақстаннан ағаштан жасалған бұйымдар, ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі.

Ал, биылғы жылдың 6 айында тауар айналымы 44,1 млн долларды құраса, оның ішінде экспорт – 8 млн долларды, ал импорт 36 млн долларды құрады. Еліміз ауылшаруашылығы өнімдерінен биыл бұршақ, ет пен сүт өнімдерін, жарма мен бидай өнімдерін ұлғайтуды көздеуде. Одан бөлек, шикізаттық емес өнімдерді жеткізу көлемін 500 млн долларға көбейтуді жоспарлауда.

Комиссия отырысында серб тарапы елімізбен ауылшаруашылығы, әскери-экономикалық, әскери-техникалық, ғарыш саласын цифрландыру бағыттарында, сонымен қатар, фармацевтика, инфрақұрылымды дамыту жобаларын жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.  

Сонымен қатар, екі ел Премьер-министрлерінің орынбасарлары сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Одан бөлек, Серік Жұманғарин Сербия Премьер-Министрі Милош Вучевичпен кездесіп, екі ел арасындағы достық қатынастарды жоғары бағалап, Сербия тарапы ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы тікелей әуе рейсін ашу мақұлданды. Еліміз Қазақстан мен Қытайдан Сербияға, одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалы үшін транзитті дамытуға ниетті.

Қазақстандық делегацияның Сербия Сыртқы істер министрі Марко Джуричпен кездесуінде саяси диалогтың жоғары қарқыны аталып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамыту жолдары талқыланды. Қазақстан мен Сербияның БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы байланыстары қаралып, денсаулық сақтау, білім, спорт, ғылым салаларындағы ынтымақтастықпен, түрлі салалалардағы жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар, ресми сапар барысында 2027 жылы Белградта өтетін EXPO көрмесіне еліміз қатысатындығы хабарланып, Қазақстанның EXPO көрмесін ұйымдастырудағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігі жеткізілді.      

Ресми сапар қорытындысымен Қазақстан-Сербия қатынастары жаңа қарқын алып, әріптестікті одан әрі дамытуға сенім білдірілді.