13.09.2024 в 10:38

СОЛТҮСТІК ӨҢІРГЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР ҮШІН АҚПАРАТ ҰСЫНДЫ

Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны – 22,43%-ға, Павлодар облысының тұрғындары – 5,76%-ға, Қостанай облысының тұрғындары – 8,3%-ға азайған.
2022 жылы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын  іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылдың қорытындысын осылай мәлімдеді.
Міне, осы орайда Шымкент шаһарына Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысынан келген жұмысшы топ тұрғындарымен кездесіп, ерікті түрде қоныс аудару мен өңіраралық жұмыспен қамту жөнінде түсіндірді. Еңбек мобильділі орталығында өткен жиында аймақтың өзіндік ерекшеліктері, географиялық орналасуы, инфрақұрылымы, әлеуметтік қамту, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсеу, жұмыспен қамту шараларына қатыстыру және мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемдер жайында баяндалды. Павлодар облысынан келген делегаттардың айтуынша, өңірде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бұл саланы қолға алуды ниеттенген азаматтарға жайылым жер мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге жақсы жағдай жасалған. Ал, Солтүстік Қазақстанның топырағы құнарлы болғандықтан егіншілік, оның ішінде бақша өнімдері мен жылыжай шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Мамандар ерікті түрде қоныс аударушылар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті көздеп емес, отансүйгіштік ұғымдарын алға тартса құба-құп екен алға тартады. Өйткені жаңадан қоныс аударушылар іскерлік қабілетін іске салса, жаңадан бизнес-жобасын жүзеге асыруға бәсекесіз мүмкіндік бар. Солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына қатысушы отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК-тен (258 440 теңге) бір реттік төлем жасалады. Қоныс аударушалар баспана алғанға дейінгі бір жыл бойы жалдамалы пәтердің құны да мемлекеттен субсидияланбақ. Бұл субсидияның ауылдық жер мен қала жағдайына байланысты қаржы мөлшерінде ерекшелік бар. Мәселен, қалада отбасы мүшелері 2-4 адам болса 92 300 теңге төленеді. Ал, ауылдық жерлерде дәл осындай отбасыға 66 456 теңге беріледі. Одан бөлек қоныс аударушылар жұмыспен қамту, қысқа мерзімді кәсіптік оқу және микрокредит беру жобалары қаралған. Бағдарламаға қатысушыларды баспанамен қамтуда «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» қаралған. Яғни, қоныс аударушы жергілікті әкімдік тарапынан берілген баспананы құп көрмеген жағдайда осы сертификатты қолдана алады. Сертификат бағдарлама қатысушысына тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде, бірақ 4 282 720 теңгеден (1160 АЕК) аспайтын мөлшерде беріледі. Ерікті қоныс аударуға ниетті қала тұрғындары өзі тіркелген мекен жай бойынша аудандық мансап орталықтарынан толық мәлімет ала алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев СҚО-ға қоныс аударған адамдар үшін салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеруді тапсырған болатын. Жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың барлық шағымдарын қарап, салынған үйлерді тексереді және сараптамалық қорытынды жасайды. Оның қорытындысы бойынша сапасыз орындалған жұмыстар түзетіледі.