13.09.2024 в 11:18

ШЫМКЕНТТЕ COCA-COLA ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында нықтап айтты. Бүгінгі таңда экономиканың кез келген саласына инвестиция тарту маңызды. Шымкент қаласында осы бағыттағы жұмыстар қарқынды. Қазіргі таңда табысты жүзеге асқан жобалар баршылық.

Бүгін Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауытының салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды инвестициялық жобаның іске қосылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы өз сөзінде бұл жобаның қала дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
 

«Инвестициялық климатты жақсарту - мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деді Ғ. Сыздықбеков.
 

Жобаның құны 27 млрд теңге, ал жылдық өндірістік қуаты – 283 млн литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментіне газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.

Қазіргі кезде мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі экологиялық, әлеуметтік, саяси, экономикалық жаһандану және дағдарыс жағдайындағы елдің экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Осыған байланысты озық экономиканы, жаңа экономикалық тұтқаны және елдің даму тұрақтылығын қалыптастыру үшін инвестициялық даму жобаларын пайдалану қажеттіліктерін анықтау керек.

Біздің еліміздің мемлекеттік инвестициялық саясатының басты мақсаты бюджеттік емес қаржыландыру көздеріне жағымды орта қалыптастыру және отандық және шетелдік инвестиция көздерін тиімді инвестициялық проектілердің мемлекеттік қолдау мақсатында тарту болып табылады.