14.09.2024 в 12:47

Түркістанда білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында кеңейтілген жиын өтті

Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.Арынбаев, облыс әкімінің білім саласына жауапты орынбасары Б.Тәжібаев, облыстық білім басқармасының басшылығы, 17 қалалық/аудандық білім бөлімдері басшылары мен бас есепшілер қатысты.

Жедел кеңесте Департамент тарапынан білім бөлімдеріндегі коррупциялық қылмыстар туралы баяндама жасалып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында Swift файлдарын негізсіз түзету фактілерін болдырмау үшін, білім басқармасы басшысының бұйрығымен («өлі жандарға» төлемдер, бірнеше тұлғаға 1 шотты бекіту, бір алушының деректерін бірнеше рет қайталау) қазынашылық есептер мен бухгалтерлік есеп жүйелерін ай сайынғы салыстыру алгоритмі мен жауапты тұлғалардың бекітілгені және Департамент пен білім басқармасының, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит және Қазынашылық комитеттері тарапынан жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп жатқаны жеткізілді.

Сондай-ақ, білім беру саласында бюджет қаражатын жымқыру фактілерін болдырмау, бухгалтерлік ақпараттық жүйе бойынша білім беру мекемелерінде қолданылып жүрген нормаларды сақтау, қызметкерлердің дербес деректерін дұрыс енгізумен қатар, цифрлық бухгалтерияны қолдану арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жолдары мен бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесінің жұмыс принциптері түсіндірілді.