15.09.2024 в 17:20

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы халықаралық ынтымақтастығы

Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды, жобаларды жүзеге асыруда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы озық тәжірибелерді зерделеу, игеруде, енгізуде шет елдермен, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасауда.

Бұл бағыттағы әріптестікті еліміз Еуропа, АҚШ, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен, араб және Түркі мемлекеттер ұйымдарымен жан-жақты дамытуда.

Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың халықаралық қауымдастығымен, Еуропадағы қаіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен, Біріккен Ұлттар ұйымы, Еуропа Кеңесімен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз жұмыс жасауда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы бүгінгі және  ұзақ мерзімді мақсаттарды айқындайтын стратегиялық құжат саналатын едіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу кезінде халықаралық ұйымдардың ұсынымдары, үздік шетелдік тәжірибелер мен халықаралық стандарттар ескерілді.

Мәселен, 2020 жылы Қазақстан Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер  тобына (ГРЕКО) енді. Бұл ұйымға мүшелік жемқорлыққа қарсы заңнаманың еуропалық стандарттарға сәйкестігіне мониторинг жүргізуді көздей отырып, оның қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, орындау үшін мемлекеттерге 18 ай беріледі.

2021 жылдан бастап еліміз 1 және 2 бірлескен раундтардың бағалау сатысында болып, 2022 жылы 27 ұсыным берілген болатын. Аталған бағалау кезеңдері туралы бірлескен есебі Страсбургте өткен 90-шы пленарлық отырыста бекітіліп, 2022 жылдың 15 маусымында жариялады және қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды.  

Есепке ГРЕКО-ға мүше елдердің сарапшылары мен делегаттары қатысып, онда Қазақстан 4 ұсымынды толығымен орындап, 21 ұсыным ішінара орындалса, екеуі мүлдем орындалмаған.

Прокурорлар мен судьялардың сыбайлас жемқорлық қылмыстарына, қаржылық тергеулерге, ақшаны жылыстату секілді қылмыстарға қатысты дайындығы мен мамандығын күшейтуді; қылмыстық кірістерді бақылау және түпкілікті бенефициар иелерін анықтау үшін бақылау жүйелері мен тетіктерін нығайтуды;  қолданыстағы әдеп кодексін мемлекеттік басқарудың қызметкерлері мен шенеуніктері үшін адалдық пен сатылмаушылық стандарттарына және олардың жұртшылыққа қатысты мінез-құлқына байланысты өздерінің күнделікті тәжірибесінде кездесуі мүмкін жағдайлар бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі нұсқаулықпен толықтыруды; салық органдарына сыбайлас жемқорлық мәселесіне, атап айтқанда, тиісті директивалар немесе басшылық нұсқаулар әзірлеу, сондай-ақ құқықбұзушылықтарды анықтап, оларды құқыққорғау органдарына хабарлау бойынша арнайы және тұрақты тренингтер өткізу бойынша ұсынымдары толығымен орындалған ретінде қабылданған.

Айта кету керек, қазақстандық сарапшылар да өзге қатысушы елдерде мониторинг жүргізу үшін бағалау топтарының құрамына енеді.

Саяси партияларды қаржыландырудың ашықтығына және сыбайлас жеморлық әрекеттерін криминализациялауға арналған мәселелерге арналған 3 раундқа бағалау тобына Испания, Хорватия, Франция, Румыня елдерінің өкілдері мен ГРЕКО Хатшылығының жауапты орынбасары Лаура Санз-Левиа бастаған қызметкерлер кірді.

Аталған бағалау тобымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали арнайы кездесіп, бұл бағалаулардың еліміздің жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жетілдірудегі рөліне тоқталды.

Бұл саладағы уәкілетті орган ретінде Агенттік Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) белсенді ынтымақтастық орнатып, оның қызметіне тығыз араласуда. Ыстамбұл іс-қимыл жоспарына сәйкес мониторингтің төрт кезеңін сәтті аяқтап, бүгінде бесінші раундтан өтуде.

Еліміз БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына 2008 жылы қосылып, оның аясында Никарагуаға сараптама жүргізсе, Қытай мен Филиппин Қазақстанға шолу жүргізудің соңғы сатысында.

Уәкілетті орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында тәжірибе алмасып, құқықтық көмек көрсету мақсатында екіжақты ынтымақтастыққа ерекше мән береді.

Бүгінде шет мемлекеттермен, ұйымдармен өзара түсіністік туралы 13 меморандумға қол қойылып, солардың аясында түрлі форматтағы іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Мәселен, 2022 жылы Агенттік пен Францияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі арасында қол қойылған меморандумның орындалу барысы, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, компаниялардың жемқорлыққа қарсы аудиті, мемлекеттік қызметшілерді адалдыққа тексерумен қатар, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар өткен жылдың қазан айында Францияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры Изабель Гегосо ханыммен кездесуде талқыланды.

Одан бөлек, бірлескен өзара түсіністік туралы меморандумға Тәжікстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен, Моңғолияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз ұйымымен қол қойылған.

Биылғы жылдың басында Мемлекет Басшысының Катарға мемлекеттік сапары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүдделі органдармен, одан бөлек, Агенттік Төрағасының Ресей Федерациясының Бас прокурорымен кездесуде өзара іс-қимылды күшейту, сараптамалық, техникалық қолдау бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, 29 мамыр – 1 маусым аралығында Агенттік делегациясының Бакуге жұмыс сапары барысында Әзірбайжан Республикасы Бас прокуратурасының басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, жедел ақпарат алмасу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бірлесе жұмыс жасау жолдары талқыланып, кездесу соңында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, Агенттік 170-тен астам ел әртүрлі бастамаларына мүше болатын немесе қатысатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың халықаралық қауымдастығына (IAACA) ресми түрде қосылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жұмыстарды жандандырып, шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты тиімді орнатып, ынтымақтастықты бекітуге, озық тәжірибелермен алмасуға үлкен септігін тигізбек.