Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделіп отыр. Өткен жылы қабылданып, күшіне енген Әлеуметтік кодексте осы жұмыстар құқықтық, заңнамалық тұрғыда реттелген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деген-ді.
Расында халықтың әлеуметтік жағдайы арқылы қай елдің болмасын бет-бейнесін көруге болады. Қарапайым халықтың тұрмысы оңалмай еліміз дамиды деп айту қате. Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар мен қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы және кәсіпкерлік бастамалар негізінде құрылған жұмыс орындарына 26 482 адамды жұмыспен қамту, оның 26 096-ы тұрақты, 386-ы уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Концепциялар бойынша 3 040 жұмыс орны, жеке бастамалармен құрылатын балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да жаңадан ашылатын жұмыс орындарын есептегенде 23 342 жұмыс орны ашылу көзделген. Осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 005 адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 7 айдың қорытындысы бойынша есебінде мәлімдеді.
Қазіргі уақытта жұмыссыздықпен күрестің бір жолы ретінде – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді. Биыл Шымкентте 426 адамға грант беру жоспарланып, комиссияның шешімімен 428 адамның бизнес-жобасын қолдауға қайтарымсыз қаржы беру мақұлданған.
Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады. 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға берілмейді.