16.09.2024 в 21:53

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДАҒЫ АЗАМАТТАРҒА ЖЕҢІЛДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

Шымкент қаласы күн сайын көлемі жағынан да халық саны жағынан да өсіп келеді. Үшінші қала тұрғындары, соның ішінде зейнеткерлер мен қарттарға жасалынып жатқан әлеуметтік көмектер жайында бірқатар оң бастамалар сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда шаһарда барлығы - 93 407 зейнеткер бар. Оның 2-і ҰОС ардагері, 1767-і тыл еңбеккері. Зейнет жасындағы ардагерлердің санаторлық-курорттық сауықтырумен қамту үшін қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 000 жолдама беріледі. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында «Ақсу демі», «Айша-Бибі», «Күлпаршын» және қала ішіндегі «Денсаулық» шипажайларымен келісім-шарт түзілген. Аталған шипажайларға жыл басынан бері 2355 жолдама берілген. Ал, басқармаға қарасты 70 орынға арналған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені ашылғалы бері 2000 зейнеткерді сауықтыру шипажайымен қамту мүмкіндігі туып отыр. Осылайша жылына 7000 зейнеткерді шипажайда сауықтыру емін қабылдауына жағдай жасалып, жыл басынан бері 1170 зейнеткер сауықтыру емін алды.
         Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылған. Яғни, ерекше қажеттігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Шымкент қаласында қазір 41 406 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, ерекше жандардан протездік-ортопедиялық көмек құралдарға азаматтардан 6 520 өтініш қабылданып, 4 111-і қамтылған. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 15 627 өтініш қабылданып, 14 048-і қастылса, мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 1 031 өтініш қабылданып, 909-ы қамтылды. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 808 азамат мұқтаж болса, 2 757 азаматқа қызмет көрсетілген. 11 607 мүгедектігі бар азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 6 314 азамат шипажайға жолдама алған. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы тақырыпты ұмыт қалдырған жоқ. Ол әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетудің маңызын ерекше атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің жартысынан көп бөлігі осы әлеуметтік салаға жұмсалатанын да тілге тиек етті. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Міне, осының бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың бірі.