17.09.2024 в 11:57

КӨШЕ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент шаһары 5 аудандық аймақтан құралса соның орталығы, жүрегі Әл-Фараби ауданы десек те болады. Себебі дәл осы ауданда инфрақұрылым жүйесіне кіретін ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100 % қамтылған. 
Дегенмен қала орталығында да шеткері аймақтарда да тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, сапалы жол салу және аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелерді де қамту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. 
Нақтырақ айтар болсақ, аудан бойынша барлығы 38 көшеге (13 шақырым) асфальт, 58 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқ жол және 20 көшеге ирригациялық жүйелер салыну жоспарланған. 427 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы асфальт жолдары ретке келтіріліп, ағымдағы жөндеу жүргізіледі деп күтілуде.
Әл-Фараби аудандық әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жоғарыда аталған 38 көшеге асфальт жол төсеу жұмыстары басталған. Нақты айтар болсақ, ол Ескі қала шағыниауданындағы және №276 орамдағы ішкі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттің дамуы – өңірлердің гүлденуі мен өркендеуіне тікелей байланысты. Ал, өңірлерде саяси және экономикалық ахуалды жетілдіріп отыру – уақыт талабы.
    
Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайда еліміздегі жолдың сапасы сын көтермейтінін айтқан болатын. 
-    Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек, - деді Президент өз сөзінде.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде салынып жатқан жолдардың сапасын қадағалауды күшейту туралы тілге тиек етті. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр. Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керектігін де еске салды. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес.