17.09.2024 в 14:07

БЕЙБІТ АТОМНАН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Кейінгі жылдары бұл мәселе бірнеше рет талқыланып, соңғы онжылдықта қайтадан күн тәртібіне шықты. Себебі сарапшылардың болжауынша, қа¬зір электр энергиясына сұ¬ра¬ныс күннен-күнге артып, 2030 жылы күрт өсуі мүмкін. Осы мақсатта, Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында АЭС салудың экономикалық және энергетикалық қажеттілігін атап өтіп, елде тұрақты және экологиялық таза энергия көзі ретінде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты. АЭС артықшылығы – электр энергиясының тұрақты көзін салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ете алатынында. Яғни, АЭС көмір немесе табиғи газ сияқты қазбалы отындарды пайдаланбайды, атмосфераға зиянды газ шығармайды. Бір рет салынған станция ондаған жылдар бойы тұрақты түрде энергия өндіре алады. Қазақстанның уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын ескерсек, оны аз мөлшерде қолдану арқылы көп энергия алатынымыз анық. Сондықтан, бейбіт атомнан қорқудың қажеті жоқ.
Енді алда, 6 қазанда атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Әрине, бұл бүкіл халықтың, мемлекеттің өміріндегі аса маңызды стратегиялық мәселе. Сондықтан референдумға дейін атом энергетикасы саласындағы сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйене отырып, оң және теріс жақтарын таразылауымыз керек. Бұл мәселе бойынша объективті ақпарат халыққа қолжетімді болуы керек. Өйткені, атом электр стансасын салу қаншалықты қауіпсіз деген сауал әрбір саналы азаматты толғандыратыны сөзсіз. Болашаққа оптимизммен қарайтын әрқайсымыз алдағы референдумда белсенділік танытып, дұрыс таңдау жасайық.

Ғалия БИСЕЙІТ, 
«Түркістан» қалалық газетінің Бас редакторы