19.09.2024 в 18:02

ШЫМ ШАҺАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ҚАРҚЫНДЫ

Жуырда Шымкент қаласына іс-сапармен келген ҚР Премьер министрі Бектенов Олжас  «Оңтүстік» индустриалды аймағының аумағында сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Өндірістік қуаты жылына 1,2 млрд дана банка шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 360 адам жұмыс істейді.


Заманауи сапа стандарттары бойынша өндірілетін өнімдер ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталады.Шымкент қаласының индустриалды негізін жалпы ауданы 1 276 гектар 7 өнеркәсіп аймағы құрайтынын, онда бүгінде 293 жоба іске асырылып, 8,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Оңтүстік» инвестициялық портфеліне жалпы құны 151,3 млрд теңгені құрайтын 70 жоба кіреді.


Үкімет басшысы сондай-ақ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты. Кәсіпорын жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнім түрлерінің қатарына автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған көмірсутек газы, мазут және басқа да мұнай өнімдері жатады.Премьер-Министрге Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 12 млн тонна қайта өңделген мұнайға дейін ұлғайту жобасының басталғаны туралы баяндалды. Олжас Бектенов ЖЖМ нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті. 

Сапар барысында Премьер-Министр Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Биылғы қорытынды бойынша 1,4 млн м2 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.


Премьер-Министр 36 тұрғын үй салынып жатқан Ақжайық шағын ауданына аралау барысында құрылыс сапасына және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.


Соңғы жылдары Шымкент қаласының экономикасы қарқынды дамып келеді. Бұл оның «республикалық маңызға ие дербес қала» мәртебесіне ие болуы әсер еткені анық. Сондай- ақ қаланың ерекше белгілерінің бірі – географиялық орналасуы. Қала маңызды көлік жолдарының қиылысында орналасқан, бұл тиімді сауда мен әртүрлі аймақтармен байланыс орнатуға ықпал етеді. Дамыған логистикалық инфрақұрылымның арқасында Шымкент логистикалық бизнес пен транзиттік сауда ағынының орталығына айналуда, бұл қалаға нарықта бәсекелестік артықшылық беріп отыр. Шымкент экономикасының негізгі салаларының бірі – өнеркәсіп. Мұнда металлургиялық өнімдер, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі және тоқыма өнеркәсібі дамыған.

Шымкент ілгері дамып келе жатқан экономикалық дамушы қала ретінде аймақтағы позициясын нығайта түсуде. Кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар, экономика салаларының сан алуандығы және инфрақұрылымның белсенді дамуы Шымкентті инвестиция мен бизнес үшін тартымды орынға айналдырады.