20.09.2024 в 15:18

Халық штабы Атырау ғалымдарымен кездесті

 

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабы еліміздің мұнайлы астанасы Атырау қаласында болды. Мұнда ғылыми қауымдастықпен, қалалық жылу электр орталығы қызметкерлерімен, өндірушілермен, мұнай-газ және химия өнеркәсібінің өкілдерімен бірқатар кездесу өтті.

 Халық штабы Атырау ғалымдарымен кездесті
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде оқытушылармен, өңірдегі жоғары оқу орындарының жас ғалымдарымен кездесу ұйымдастырылды. Штаб мүшелері ғылымды дамыту және ғалым­дарға әлеуметтік қолдау көрсету мәсе­лесі Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Қазір ғылыми қоғам­дастық­тың алдында өнеркәсіптік өндіріске инно­ва­ция­лық технологиялар мен әзірлеме­лерді енгізуге қатысты үлкен міндет тұр.

Ядролық физика институтының бас дирек­торы Саябек Сахиев атап өткендей, Халық штабының өңірлерге сапарының басты мақсаты – тұрғындармен ашық әрі шынайы әңгімелесу.

«Әлем бір орында тұрмайды. Еліміз де алға қадам басып келеді. Біз тұрғындарға атом саласында, атом энергетикасында қандай жаңалықтар бар екенін айтып, еліміздің жеткен жетістіктермен бөліскіміз келеді. Әлемнің ажырамас бөлігі ретінде біздің де айтуға, мақтануға және көрсетуге тұрарлық жетістіктеріміз бар. Атом энергетикасы тек атом электр стансасы ғана емес, сонымен қатар ол экономиканың кез келген саласында қолданылады. Бұл туралы Атырау облысының тұрғындарымен сөйлестік, олардың пікірін білдік», деді С.Сахиев.

Атырау ЖЭО ұжымымен кездесуде штаб мүшелері ТКШ жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне тұрақты әрі сенімді энергия көзі қа­жет екенін айтты. Бүгінде Атырау облысы ең жо­ғары жүктемелер кезінде көп жағдайда Ресей­ден жеткізілетін энергияға тәуелді. Қыруар қар­жылық шығыннан бөлек, энергия жетіс­пеу­ші­лігі өндірістік міндеттерді де шешуге мүмкін­дік бер­мейді. Жуырда еліміздің батыс өңірлерін бір­ың­ғай энергия жүйесіне қосу жұмысы басталады.

Пропилен өндіретін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС зауытында штаб мүшелері мұнай-газ және химия өнеркәсібі өкілдерімен жүздесті. Жоғары технологиялық өнеркәсіптік өндірісті одан әрі дамытудың және Президенттің 2029 жылға қарай елдегі ІЖӨ-ні екі есе арттыру туралы тапсырмасын орындаудың басты факторы – сенімді әрі тұрақты энергия көзі.

Бұдан соң штаб мүшелері «Дәулет» индустриялық аймағы кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Мұнда киім тігетін, нан, кондитерлік, макарон өнімдерін, ет консервілерін, ауызсу, құрылыс қоспаларын, тағы да басқа заттарды өндіретін компа­ниялар жұмыс істейді. Өзге өңірлердегі секілді мұндағы бизнес өкілдері де қазіргі энергия тапшылығы жаңа технологияларды іске қосуға мүмкіндік бермейтінін, өндірістің дамуын тежейтінін жеткізді. Олардың айтуынша, көптеген әлеуеті зор жобалардың электр энергиясының тапшылығына байланысты жүзеге асырылуы мүмкін болмай келеді.