22.09.2024 в 19:25

Қазақстандық делегация Түмендегі өнеркәсіп және энергетика форумына қатысты

Ресейдің Түмен қаласында өткен TNF 2024 өнеркәсіп және энергетика форумына құрамында Ғылым және жоғары білім министрлігі, техникалық университеттердің өкілдері, «Қазмұнайгаз» компаниясы мен «Kazservice» Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының өкілдері енген қазақстандық делегация арнайы қатысты.

Отын-энергетика кешеніне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған форумның биылғы жылдағы тақырыбы «Технологиялық тұрақтылық: даму стратегиясы» деп аталды.

Форум аясында Вице-министр Талғат Ешенқұлов еліміздің білім саласындағы жетістіктерімен, шетелдік студенттерге қолайлы жағдайлармен таныстыра келе, түмендік жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.

Одан бөлек, вице-министр Түмен облысы губернаторының орынбасары Андрей Райдермен кездесіп, екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Сондай-ақ, Түмен облысының губернаторы Александр Моор қазақстандық делегацияны қабылдау барысында отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары мен бірлесе жүзеге асырылатын жобаларда жаңа технологиялық шешімдерді қабылдау мәселелері қаралды.

Форум аясында қатысушылар сессияларға бөлініп тақырыпты ашуға тырысса, одан бөлек дөңгелек үстелдер, TNF Expo көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, форумда техникалық университеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді үлгілері талқыланып, оның аясында Қарағанды индустриялық университетінің ректоры Бахыт Жаутиков пен Тюмен индустриялық университетенің ректоры Юрий Ключков университеттер арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумда оқу жоспарлармен алмасу, тағылымдамадан өту, академиялық алмасу, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмек көрсету бойынша тәжірибе алмасу көрсетілген.

Айта кету керек, аталған форумға Ресейдің 60-тан астам аймағынан, сонымен қатар Қазақстан, Кувейт, Өзбекстан, Египет, Беларусь, Сауд Арабиясынан 800-ден астам компания өкілдері мен 12 мыңнан астам адам қатысты.