Осы тұрғыдағы кездесу Эдинбургте Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов пен Хериот-Уотт университетінің басшылығы - провост Стив Маклафинмен, вице-провост Марк Биггспен өтті.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім саласындағы әріптестікті дамыту жолдары талқыланып, онда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен арадағы серіктестіктің нәтижелері туралы айтылып, Хериот-Уотт университетінің Ақтөбе кампусын ашу жобасының екі мемлекет үшін де маңыздылығына тоқталды.
Одан әрі, қазақстандық Елші Шотландия Парламентінің қабылдауына қатысып, онда білім саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасындағы серіктестіктің нәтижелерінен хабардар етті.
Қыркүйек айында Алматыда Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті базасында Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің филиалы ашылды. Ашылу салтанатына Германияның Алматыдағы Бас консулы Маттиас Кислер, Анхальт университетінің президенті мен Алматыдағы филиалының директоры, Германия ғылым қорының өкілдері қатысты.
Филиалда бастапқыда неміс оқытушылары сабақ берсе, біліктілікті арттыру бағдарламасынан кейін қазақстандық әріптестер өтетін болады. Студенттерге неміс тілінен курстар ұйымдастырылып, биотехнологиялық және медициналық жүйелер, жаңартылатын энергия, жүйелік инженерия мамандықтары ағылшынша өткізіледі.
Биыл 30 студент ақылы және мемлеттік грант негізінде оқытылады деп жоспарлануда. Аталған филиада білім алу неміс үлгісіндегі диплом алумен қатар, өндірістік тәжірибені Германияда өтуге мүмкіндік береді. Ал түлектерге елімізбен қатар, Еуропада жұмыс жасауға зор мүмкіндік болып табылады.
Айта кету керек, білім саласындағы әріптестік талқыланған іс-шара Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцтің Maqsut Narikbayev University студенттерімен кездесуінде талқыланды. 16 қыркүйекте өткен ашық кездесуде Олаф Шольц студенттердің қазақ-неміс ынтымақтастығына, технология заманындағы жастардың рөлі мен оларға берілетін мүмкіндіктерге қатысты сұрақтарына өз пікірін білдірді.
Сонымен қатар, академиялық байланыстарды нығайту мақсатындағы Университтің Франкфурттағы Еуропалық Виадрина Университетімен келісімге қол қойылғаны және бірлесе атқаратын жоспарлар мәлімделді.
Шыңжаңдағы Тарем Университетінің делегациясы Торайғыров университетіндегі дөңгелек үстелге қатысып, екі университеттің ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Торайғыров Университетінің ауыл шаруашылығы факультетінің мүмкіндіктері таныстырылып, мал, тұқым шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімерін қайта өңдеу, топырақ құнарлығын арттыру бойынша ғылыми жобаларға дайын екендіктерін жеткізді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) өкілдерімен кездесіп, «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру» бағыты бойынша орталық ашу мәселесін талқылады.
Қыркүйекте АҚШ-тың гранттық жобасы аясында Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің ғалымдары ирригация технологиясы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті. Бұл туралы Аризона университетінің вице-президенті Шейн Берджесстің Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс барысы аясында айтылды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесуде жоғары білім беру, аграрлық ғылымды дамыту салаларындағы ынтымақтастықты талқылап, ғылыми зерттеулер облыстың су ресурстары, ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығы сапасын арттыруға бағытталмақ.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі өндірушісі және экспорттаушысы болғандықтан жобаның зерттеу тобы аймақтағы фермерлер пайдаланатын судың сапасын бағалап, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге нұқсаулық құжаттар мен цифрлық құралдар әзірлейді.
Сонымен қатар, Қостанайдағы Baitursynuly University АҚШ-тың Миннесота Моррис университетімен қос дипломды білім беру туралы меморандумға қол қойды.
Ақпараттық технологиялар білім беру бағдарламасы бойынша білім алған студенттер екі елдің дипломына ие болумен қатар, кәсіби мүмкіндіктерін жетілдіріп, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады.
Қостанайлық университет машина жасау саласында Оңтүстік Кореямен, IT салада АҚШ университеттерімен тығыз жұмыс жасауда.
Айта кету керек, осы университет базасында АҚШ-тың Аризона университеті ғалымдарымен бірлескен зерттеу орталығын ашу жоспарлануда. Онда екі елдің ғалымдары сүт және ет шаруашылығы, егістік дақылдарын өсіру саласындағы талдау жұмыстарымен айналысып, ғылыми әзірлемелер дайындайтын болады.
Жаңа оқу жылында теориялық және практикалық сабақтар өткізу үшін Британ университетінің ректоры мен оқытушылары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне арнайы келіп, қазақстандық Университеттің басшылығы мен Ақтөбе кампусының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерімен кездесті.
Бұл кездесу өткен жылды қорытындылап, жаңа жоспарлар құрумен қатар, студенттермен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді.
Шетелдік қонақтар Heriot-Watt Ақтөбе кампусының студенттерімен кездесуде Шотландияның ең көне оқу орны саналатын университеттің академиялық қағидаларымен таныстырып, білім алушылар мен оқытушылар арасындағы екіжақты жауапкершілік жайын талқылады.
Жаңадан оқуға түскен жастарға екінші курс студенттері өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, оқуда озат болып, жоғары нәтижеге жету үшін қалай оқу керектігі туралы ақпараттарымен бөлісті.
Одан бөлек студенттер Heriot-Watt және Жұбанов университетінің басшылықтарына оқуға қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерін тыңдады.
Осы ретте, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінде Түркияның Дюздже университетінің Білім, ғылым және мәдениет орталығын ашу туралы келісімге келді. Бұл орталық студенттерге түрік тілін тегін оқуға, халықаралық бағдарламаларға қатысуға және қос диплом алуға мүмкіндік береді.
20 жылға жуық тарихы бар Түркияның мемлекеттік университеті медицина, әлеуметтік ғылымдар, инженерия салаларындағы бағдарламаларды белсенді дамытуда.
Қыркүйек айында Алматыдағы Қазақ-неміс университеті 25 жылдығын атап өтіп, салтанатты іс-шараға қазақстандық және неміс мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, серіктес оқу орындары мен Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, жалпы 200-ден астам қонақ қатысты.
Іс-шарада Университеттің қалыптасу тарихы, шет мемлекеттермен ынтымақтастығы, Германия тарапынан көрсетілген қолдаулар жайында айтылып, оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстан-Неміс білім және ғылым апталығы ұйымдастырылып, оның басты жаңалығы Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институты (ҚНҒжТ) жобасының тұсаукесері болды. Бұл институт екі ел арасында тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік беріп, ғылым мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізетін болады.
Бұл апталық Қазақстан-Германия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, білім, технология саласындағы озық тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, еліміздегі жоғарғы оқу орындары шетел университтерімен ынтымақтастықтарын жетілдіріп, жастарға сапалы білім беру арқылы халықаралық дәрежедегі маман тәрбиелеуді одан әрі жалғастырмақ.