27.06.2024 в 16:39

ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ


Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы газ тасымалдау және сату қызметтерінің инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін баспасөз турын өткізді. 


2021-2025 жылдарға арналған бес жылдық инвестициялық бағдарлама, жалпы сомасы 4 000 708 мың теңге, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен ҚР Энергетика министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілген. Қаржыландыру негізінен меншікті қаражат, яғни тарифтегі пайда және амортизация арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылы бағдарламаның іске асырылуына 1 434 159,36 мың теңге бөлінген. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі Түркістан облысында және Шымкент қаласында өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен көпқабатты үйлерді газбен жабдықтау үшін газ құбырларын салуға бөлінген. Жобаның жалпы сомасы 1 204 029,23 мың теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бүгінгі таңда  аяқталуға жақын. 


2022-2023 жылдары жүзеге асырылған жобаның нәтижесінде 73 061,89 көлемді құбыр төселді, оның 30,266 км-і полиэтилен, ал 42,796 км-і болаттан жасалған. Жобаға жұмсалған жалпы қаражат 2 037 587,612 мың теңгені құрады.

Жобаның негізгі нәтижелері: 
- Газ құбырларының тозу деңгейі 31,4%-дан 29%-ға дейін төмендетілді; 
- Жерасты болат газ құбырларынан полиэтилен құбырларға көшу арқылы пайдалану мерзімі 35 жылдан 50 жылға дейін ұзартылды; 
- Газ тарату желілерінің схемасы мен диаметрлері оңтайландырылды, тұтынудың соңғы нүктелеріндегі қысымның жоғалуы азайтылды; 
- Газ құбырларының өндірістік қуаты артты;
 - Жерасты және жер үсті газ құбырларын жаңарту арқылы технологиялық ысыраптар төмендеді; 
- Негізгі жабдықтың сенімділігі артты;
 - Тозу салдарынан авариялық жағдайлардың пайда болу мүмкіндігі жойылды. 
    Газ құбырларын жаңғырту жұмыстары  бойынша іске асырылған жоба – қаладағы және қала маңындағы елді мекендердегі ауаның ластануын азайту арқылы қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.  Қала аумағында инфрақұрылым, модернизация, ирригациялық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жоғарыда келтірілген көрсеткіштер мегаполистің күн санап көркейіп жатқанының көрінісі.