30.09.2024 в 20:26

БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы өтті

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы өтті. Алғашқы күндерінде әлем елдерінің бірқатар көшбасшылары жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамытудағы ынтымақтастыққа тоқталып, халықаралық мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Оның аясында «С5+1» министрліктер кездесуі өтіп, оған Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қатысты.

Кездесуде «С5+1» өңірлік платформасының экономикалық жағдайы, әйелдер, балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау, трансұлттық сын-қатерлерді шешудегі рөлі мен маңыздылығы талқыланды.

Қазақстандық дипломат Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынастың орныққанынан хабардар етіп, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау бойынша «С5+1» отырысын елімізде өткізу қажеттігіне тоқталды.

Бұл платформадағы АҚШ мен Орталық Азияның ынтымақтастығына келер жылы 10 жыл болатындығын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен атап өтіп, жаһандық мәселелерді өңірлік деңгейде шешудегі «С5+1» маңыздылығын сөз етті.

Одан бөлек, Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде бейбіт азаматтардың азаптануына жол бермеу, қарулы қақтығыстарды болдырмау бойынша Женева конвенцияларын құрметтеу, сақтау, қорғауға бағытталған алты ел халықаралық гуманитарлық құқыққа (ХГҚ) саяси бейілділікті ынталандыру бойынша жаһандық бастама көтерді. Онда Қазақстан, Қытай, Франция, Иордания, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы қатысты.

Бұл бағытта бірнеше консультациялар ұйымдастырылып, нәтижесімен 2026 жылы Соғыс кезіндегі адами құндылықтарды сақтау жөніндегі жаһандық саммит өткізу жоспарланды.

 БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Мұрат Нұртілеу БҰҰ-ның Жоғары өкілі Рабаб Фатимамен, сонымен қатар Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичпен, Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесулерде елімізбен түрлі салалардағы ынтымақтастық пен өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты.

Сонымен қатар, сапар барысында Сьерра-Леонемен дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге келді.

28 қыркүйекте Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессияның Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлеп, әлемдегі саяси ахуалға, оның ішінде жаһандық мәселелерді шешудегі ортадержавалардың рөліне тоқталып, БҰҰ Бас Ассамблеясының алдыңғы отырысында Мемлекет Басшысы атап өткен «Бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік» бастамасын жүзеге асыруға шақырды.

Одан бөлек, қазақстандық дипломат ядролық қауіпсіздік, дамыған елдер тарапынан табысы төмен немесе орташа елдерді қаржыландырудағы жеңілдіктер бойынша бірқатар мәселелерді көтерді.  Сессиядағы тағы бір ерекшеліктердің бірі – жасанды интеллект мәселесінің қозғалуы болды. Бұл бағытта М.Нұртілеу ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтере келе, ортақ нормалар мен стандарттарды әзірлеуге шақырды.

Министр тек сыртқы саясатқа ғана тоқталмай, еліміздің ішкі саясатындағы жаңалықтармен де бөлісті. Оның айтуынша Әділетті Қазақстанды құру жолында елімізде балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенінен, азаптауға мүлдем төзбеушілік қалыптастырылып, алдын алу тетіктері дамығанынан  хабардар етті.

Одан бөлек, М.Нұртілеу елімізде Орта Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ Өңірлік орталығын құру бастамасын ұсынды.

Сонымен қатар, теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде еліміз осы топтағы мемлекеттердің мүдделерін қорғайтынын жеткізді.

 Одан әрі, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, еліміздің БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын талқылап, Қазақстанның сыртқы саясаты мен экономикалық-әлеуметтік дамуынан хабардар етті.

Одан бөлек, министр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдауындағы реформалар мен оларды жүзеге асыру барысын айтты.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы еліміздің маңызды рөліне тоқталып, Қазақстанды Орталық Азияның іргелі тірегі, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір деп атап өтті.

Айта кету керек, БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы 10 қыркүйекте бастау алып, ашылу салтанатында Антониу Гутерриш ұйымның басты мақсаттарынан хабардар ете келе, барша халықаралық ұйымдарды бүгінгі күнде адамзат кездесіп отырған кризиспен бірге күресуге шақырды. Көп елдерде қарулы қақтығыстар жиілеп, оларды тоқтатудың шешімі табылмай келе жатқанын айтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.

Жалпы айтқанда, сессия аясында Қазақстан климаттық өзгерістер, жаһандық қауіпсіздік, ядролық қарусыздандыру мәселелерін көтеріп, бұл бағыттағы еліміздің ұстанымы жеткізілді.