30.09.2024 в 14:57

Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар

Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылып, алдымен 1995 жылы еліміздің Аустриядағы Елшілігі, 2007 жылы Қазақстандағы Аустрияның Елшілігі ашылды.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық екіжақты байланыстармен ғана емес, көпжақты бағытта да жүзеге асырылып, мемлекеттер халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Елдер арасындағы ынтымақтастық сауда-экономикалық, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, туризм, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларында қарқынды дамып, ірі аустриялық компаниялар жеңіл өнеркәсіп, аграрлық сектор бағыттарында қызмет атқаруда.

Қазақстан үшін Аустрия Орталық Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі болса, еліміз Орталық Азиядағы Аустрияның негізгі сауда-экономикалық әріптесі. Елімізден балық өнімдері, зығыр тұқымдары, көмірсутектер, навигациялық құрылғылар, майлы дақылдардың тұқымдары мен жемістері экспортталса, тамақ, медицина, құрылыс, машина жасау өнеркәсібі өнімдері импортталады. Аустриялық капиталдың қатысуымен ағаш өңдеу жабдықтарымен, баспа өнімдерімен, жиһаз шығарумен, фармацевтика, логистика, жол құрылысындағы технологиялар, құрылыс жабдықтары мен жарықтандырумен айналысатын 120-ға жуық заңды тұлғалар, өкілдіктері бар.

Мәдени-гуманитралық салада да ынтымақтастық қарқынды дамыған. Мәселен, дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап Қазақстанда 4 мыңнан астам кітапты қамтитын «аустриялық кітапхана» ашылды. Венада тұңғыш Президенттің «Қазақстан жолы» кітабы неміс тіліне аударылды.

Қазақстан Елшілігінің қолдауымен 5 жыл бойы «Қазақстанның інжу маржандары – Ұлы дала әуендері» жобасы қолға алынып, қазақстандық әншілердің өнерлері көрсетілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Вена кинотеатрында Қазақстан киносының күндері ұйымдастырылып, «Томирис» және «Әміре» фильмдері көрсетілді.

«Менің жасыл планетам», «Жануарлар – менің достарым» тақырыптарында Венада қазақстандық балалардың сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасының дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығын тойлау аясында Венада халық әртісі Р.Бағланованың 100 жылдығы, Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестірінің концерттері ұйымдастырылды.

Өткен жылы аустрия астанасында «Арнау» фольклорлық  ансамблінің, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» музыканттарының концерттері ұйымдастырылды.

«Филлахер Кирхтаг» (Villacher Kirchtag) музыка фестивалі аясында «Алатау» фольклорлық ансамблінің әртістері жетіген, қобыз, сырнай және басқа да ұлттық аспаптарда туындыларды орындап, Италия, Аустрия, Словения көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды.

Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу аясында қазақстандық кино күндері ұйымдастырылып, «Дос Мұқасан», «Паралимпиец» фильмдері көрсетілді. Сонымен қатар, көрермендерге қазақ киносының тарихы таныстырылды.

«Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» атты көрме Аустрия Ұлттық кітапханасында ашылып, онда қазақтың экспонаттары, оның ішінде тұрмыстық заттары, киім-кешектері, музыкалық аспаптары қойылып, қазақтың киіз үйі тігілді.

Дипломатиялық қатынастар жылында бірқатар бірлескен меморандумдарға, келісімдерге, конвенциялар мен хаттамаларға қол қойылды.

Мәселен, Қазақстан мен Аустрия арасындағы эконоикалық ынтымақтастық туралы меморандумға, халықаралық автомобиль жолдары бойынша келісімге, кедендік іс саласындағы кеден органдары арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

Бүгінде дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптардан босату бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволары бейнеконферен байланыс арқылы консулдық консультациялар өткізуде.

Одан бөлек, сайлау құқығы және демократиялық процестер саласында да әріптестік қарқынды дамуда. Оның бір дәлелі еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы биыл алғаш рет Аустрия Парламенті депутаттары сайлауына байқаушы ретінде қатысуы болды.

 Бақылаушы ретінде қатысумен қатар, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау учаскелеріне арнайы барып, жұмыстарымен танысып, сайлау комиссиясының мүшелерімен тілдесіп, сайлаушылардың әсерін байқады.

Сонымен қатар, Аустрияның сайлау мәселелерін реттейтін департаментпен,  депутаттармен, сыртқы істер ведомствосының өкілдерімен кездесіп, бұл бағыттағы ашықтықты қамтамасыз ету, байланыстарды нығайту бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тұрақты кеңес отырысы өтіп, онда келер жылы Финляндияның төрағалығы мен қойылатын басты басымдықтар талқыланды. Бұл кеңес отырысына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді қатысып, Қазақстанның бұл басымдықтарды қолдауға дайындығын, сонымен қатар 2025 жылы Экономикалық және қоршаған ортаны қорғау комитетін басқаруға еліміздің дайындығын растады.

Тұрақты кеңес отырысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея төрағасы сайланып, жыл сайынғы сессия нәтижелері хабарланды. Климаттық өзгерістердің елдер арасындағы әлеуметтік-экономикалық, сауда байланыстарына кері әсері, су тапшылығы талқыланып, онымен күрес жолдары қаралды. Бұл мәселелерді шешудегі халықаралық ынтымақтастық пен парламенттік диалогтың маңыздылығы айтылды.

Осы ретте, климаттық қатерлерді шешіп, жасыл энергетиканы дамытуға көңіл бөлу мақсатында ұсынылған Алматыда Климаттық мәселелер мен жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсені ашу жөніндегі еліміздің ұсынымы қолдау тапты. Одан бөлек, Қазақстан 2026 жылы Өңірлік климаттық саммитті ұйымдастыруды, еліміз бен Франция биыл «One Water» саммитін өткізуді ұсынып, ұйым тарапынан қолдау білдірілді.

Жалпы айтқанда, екі ел арасындағы қарым-қатынастар түрлі салаларда қарқынды дамып, мықты серіктестерге айналуда.