09.10.2024 в 14:40

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 700 МЫҢНАН АСТАМ ҚОНАҚ КЕЛГЕН

Түркістан облысына 2024 жылдың 9 айында 700 мыңнан астам қонақ келген. Бұл жайында бүгін Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. 

-  Өңірге келетін туристер санын ұлғайту және туристерге қолайлы жағдай жасау үшін әлі де біршама жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған орай биыл 26 тамызда облыс әкімінің төрағалығымен өңірдің туризмін дамыту бойынша мәжіліс өтіп, саланы өркендетуге арналған жол картасы бекітілді. Онда туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан-қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Жол картасының нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, ал шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, сондай-ақ туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде,- деді спикер.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «GET LOST WIZZ AIR» жобасына тоқталды.  
-  Жоба 180 саяхаттаушы-блогердің жасырын қалаларды аралаумен өтеді. Жасырын қаланың аты ұшақ қонғанда ғана хабарланады. Бұл жоба басқа елдерде сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, «Wizz AIR» әуекомпаниясы Бішкекке саяхат жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда «Wizz AIR» компаниясымен алдын ала кесіссөздер жүргізілді. Ұшу шығындарын әуе компаниясы толықтай өзі көтермек, - деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, спикер 2024 жылдың 8 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 43,6 млрд. теңгені құрағанын жеткізді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 49,3 млрд. теңгеге жетпек.