09.10.2024 в 20:47

Қазақстан Франциядағы мал шаруашылығы саммитіне қатысты

Францияның Клермон-Ферран қаласында мал шаруашылығын дамыту тақырыбындағы Еуропадағы ең ірі іс-шаралардың бірі саналатын Sommet de L’Elevage, яғни 33–ші мал шаруашылығы саммиті өтіп, Қазақстан алғаш рет қатысты.

Аталған саммитке құрметті қонақ ретінде шақырылған еліміздің делегация құрамында асыл тұқымды ірі қара мал палаталарының басшылары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, аграрлық ғылымның мамандары мен құс, балық өсіру кәсіпорындарының, қой шаруашылықтарының басшылары болды.

Саммитте қазақстандық өнімдерден арнайы стенд ұйымдастырып, 30 отандық компанияның 70-тен астам өнімдері таныстырылды.

Көрме барысында қазақстандық делегация Францияның ірі агро-қауымдастықтарымен кездесті.

Sommet de L’Elevage аясында «Қазақстанның мал шаруашылығы секторының сын-қатерлері мен мүмкіндіктері» атты конференция ұйымдастырылып, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин елдің мал шаруашылығындағы жетістіктерімен, ынтымақтастықтың бағыттарымен таныстырды.

Оның айтуынша, жыл сайынғы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 5 млрд доллардан асса, 2030 жылға қарай көрсеткішті 2 есеге арттыру жоспарлануда.

Қазақстан мен Францияның 100-ден астам кәсіпкерлері қатысқан конференцияда А. Бердалин осындай аудиторияда еліміздің жетістіктерін таныстыруға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бұл салада тығыз жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Өз кезегінде саммит Президенті Жак Шазале аграрлық сектордағы Қазақстанның тәжірибесін, мүмкіндіктерін жоғары бағалай келе, франциялық компаниялар тарапынан қызығушылық көп екендігін, әсіресе генетика саласына көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Сонымен қатар, конференцияда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректордың орынбасары Әлжан Шәмшідін «Қазақстан мен Франция арасындағы Мал шаруашылығы саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективалары» тақырыбында, ал Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Шынар Ахметсадықова «Қазақстанның органикалық мал шаруашылығы өнімдерінің ұлттық брендтері» тақырыбында баяндама жасады.

Одан бөлек, республикадағы түрлі салалардағы халықаралық көрмелер мен іс-шараларды ұйымдастырушы EXPO Time қазақстандық компаниясы да саммитке қатысты.

Биыл тамыз айында Ақмола облысында EXPO Time ұйымдастыруындағы Jańa Dala⁄Green Day мен Sommet de L’ Elevage арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.

Айта кету керек, жыл сайын бұл компаниямен «Jańa Dala /Green Day» қазақстандық дала күні жыл сайынғы мамандандырылған көрмесі өтеді. Оның аясында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы жетістіктер, ауыл шаруашылығындағы технологиялар, заманауи технологиялармен қатар, ветеринария саласындағы үздік инновациялық әзірлемелер таныстырылады.

Жалпы конференция барысында қазақстандық тарап отандық ірі қара, ұсақ мал, жылқы тұқымдарын таныстырса, француздар озық технологиялары бойынша ақпарат берді.

Сонымен қатар, Әулиекөл тұқымы жөніндегі республикалық палата мен Францияның Шароле тұқымының Ұлттық қауымдастығы, Elite Export және France Group Consulting Bureau арасында меморандумға қол қойылды. Одан бөлек, жылқы етін жеткізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге «Қайып Ата» ЖШС және «PEGASE BVS» компаниялары қол қойды.

Жалпы айтқанда, мал шаруашылығы саммиті Қазақстанға бұл саладағы жетістіктерімен шет мемлекеттерді таныстыруға, мал шаруашылығы саласына инвесторлар тартуға, тәжірибе алмасып, инновациялық тәсілдерді талқылауға үлкен мүмкіндік берді.

Қазақстан мен Франция бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірсе, еліміз үшін шет елдердің ауыл шаруашылығы саласына қызығушылықтарының артқанын көрсетеді.