Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында ең әуелі қазақстандықтардың өмір сүру сапасына ерекше мән беріп, осы бағытта тапсырмалар жүктейді.
Шымкент қаласы қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталықтарының бірі ретінде өзінің болашақ дамуының ұзақ мерзімді перспективаларын айқындауда. Қазіргі таңда қала бес әкімшілік ауданнан құралып, жалпы аумағы 116 280 гектарды құрайды
Демографиялық көрсеткіші жоғары саналатын үшінші мегаполисте тұрғындар саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл Шымкент қаласының өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарын ауқымды түрде дамытуды талап етеді. Қаланы кешенді дамыту шеңберінде тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылып, жаңа өндірістік аймақтар, айналма темір жол тармағы және тәулігіне 20 мың адам қабылдай алатын жаңа темір жол вокзалының құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланы шеңберлей отырып, 3 айналма жол салынбақ.
Қала құрылысының болашағы негізінен солтүстік бағытта дамиды. Қазіргі уақытта Тұран, Шымкент-сити тұрғын аудандары және жаңа орталық ауданның көпқабатты кешендері белсенді түрде салынуда. Бас жоспарда ерекше назар аударылатын тағы бір маңызды қағида – қаланың полицентрлік дамуы. Бұл әрбір әкімшілік аудан өзінің жеке орталығымен, саябақтарымен және әлеуметтік инфрақұрылымымен толықтай дербес, өзін-өзі жеткілікті аймаққа айналатынын білдіреді.
Көгалдандыру жоспары да қала инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады. Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында, қазіргі таңда 3,13 м²/адам жасыл аумақ көрсеткішін 16 м²/адам деңгейіне дейін жеткізу көзделген. Бұл әрбір жаңа тұрғын ауданда саябақтар мен гүлбақтар салу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қала аумағындағы ұзын әрі терең жыраларды көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілмек.
Шымкенттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін ірі әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылысы да белсенді түрде қолға алынды. Осы мақсатта 2000 орындық «Конгресс холл», 800 орындық «Опера және балет» театры, 2000 орындық төрт «Оқушылар сарайы», 18 жаңа жайлы мектеп, 320 орындық «Перинаталды орталық», 800 орындық «Университеттік клиника», 5000 орындық жабық «Спорт аренасы» (2024-2025 жылдары), сондай-ақ 35 мың орындық «Футбол стадионы» салынып жатыр.
Осы ірі нысандардың бірі ретінде, «Бозарық» индустриялды аймағында ең ірі қызанақ өсіретін жылыжай кешені де салыну үстінде. Бұл жобаның негізін қала әкімі 2024 жылы 7 тамызда өз қолымен қалады, ал бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды.
Шымкент қаласының дамуының осындай көлемді әрі кешенді жобалары тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, қаланың туристік және экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.