11.10.2024 в 16:12

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ 7 ӨНЕРКӘСІПТІК АЙМАҚ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға және инвесторларды тартуға қатысты біршама міндеттер жүктеді. Президенттің осы тапсырмасы аясында Шымкентте қала әкімдігі және тиісті мемлекеттік құрылымдар жоспарлы әрі тиімді жұмыс атқаруда.

2023 жылы қала экономикасына салынған инвестициялар көлемі 661,7 млрд теңгеге жетіп, 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,2% - ға ұлғайды. Ал биылғы жылдың 7 айында инвестициялар көлемі 324,7 млрд теңгеге ұлғайды, бұл 14% - ға өсуді құрады.

Қаржылық инвестициялар мен жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бойынша қала әкімдігі тұрақты жұмыстар жүргізуде. "Alarko Holding" және "Coca-Cola" компанияларының мегаполисте ашылуы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.

"Alarko Holding" түрік компаниясы жалпы ауданы 650 гектардан асатын ең үлкен жылыжай кешенін салу жобасын іске асыруда. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 1750 жұмыс орны құрылса, ал толық аяқталғаннан кейін 5 мың азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Жалпы өндірістік қуаты жылына 155 мың тонна қызанақ шығара алады.

"Coca-Cola" компаниясының инвестициялық қуаты 27 млрд теңгеден астам қаржыны, ал Шымкент - Ситидегі "Hilton" қонақ үйінің құрылысы шамамен 35 млн долларды құрайды. Қонақ үйді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Жаңа өндірістер негізінен индустриалды аймақтарда шоғырланған. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағында жалпы ауданы 1 307 га 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 230 млрд теңге болатын 289 жоба іске асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Өнеркәсіптік аймақтардағы инвесторларға инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған жер учаскелері ұзақ мерзімді жалға беріледі. Компаниялар сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін жеңілдетілген коммуналдық тарифтер мен салық жеңілдіктерін пайдалана алады.

Мегаполис әкімдігі металлургия, жеңіл өнеркәсіп, мұнай-химия және логистиканы дамыту үшін 1660 гектарға 5 жаңа өндірістік алаң құруға бастамашылық жасады. Сауда-логистикалық орталық 136 гектарға кеңейіп, теміржол және транзиттік маршруттардың қиылысында маңызды логистикалық хабқа айналады. Ауыр металлургия және металл бұйымдарын өндіру үшін 1076 гектарға арналған "Темір" индустриялық аймағын құру жұмыстары басталды, бұл қазірдің өзінде қытай және өзбек инвесторларының қызығушылығын тудырды.