Қазақ қуыршақ өнерінің бастауы саналған «Ортеке» былтыр ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді.
Домбырасын қолға алып, күй төгілте бастағаны сол еді, ағаш жануар билеп қоя берді. Тұрған орнында әрі-бері секіріп, түз тағысындай ойқастайды келіп. Тұяғының дыбысы “Шығыс салбурыны-2024” халықаралық фестивалін тамашалауға келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Тық-тық-тық... Әсем әуенге еліткен жұрт шанақтан төгілген күймен үндесе билеген қуыршақ текеге тәнті болып, әр қимылынан көз ала алмай қарап тұр. Иә, бұл – «Ортеке» биі.
Бұл туындының авторы “Шығыс салбурыны-2024” фестиваліне көршілес Қытай мемлекетінен келген өнерпаз Ерсінбек Тойғанбекұлы екен.
- Бір аптаның ішінде ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыны жасап шығардым. Мұндағы басты мақсат - ата-бабаларымыздың бекзаттық мәдени мұрасын дамыту, - деді Ерсінбек Тойғанбекұлы.