13.10.2024 в 14:27

Уханьда қазақ-қытай композиторларының достастығына арналған арнайы концерт өтті

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында орнаған 32 жылдық тарихы бар дипломатиялық қарым-қатынастар аясында түрлі салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Оның ішінде мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық, көлік, логистика, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, энергетика және басқалар.

Мәселен, биылғы жылдың қазан айында еліміздің Қытайдағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Республика күні аясында балалар арасындағы шахмат турнирі ұйымдастырылып, қазақ дипломаттарының балаларымен қатар, Орталық Азия, Еуропа елдерінің өкілдері қатысты. Турнир қорытындысымен қатысушыларға сертификаттар, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

Ал, Уханьда Қазақстан мен Қытай композиторларының достығын еске алуға арналған концерт ұйымдастырылды. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамов пен Қытай композиторы Сянь Синхайға арналған концертте, қос композитордың еңбектерімен қатар С.Сейфуллин, С.Бәйтереков, Жаяу Мұса Байжанұлының шығармалары да орындалды.

Сапар аясында Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың ұрпақтары кездесіп, достық жылдарындағы қызықты оқиғаларымен, шынайы достастықтарымен, Қазақстандағы қытайлық композитордың шығарған шығармаларының тарихымен бөлісіп, бұл достықты ұрпақтары жалғастыруды келісті.

Айта кету керек, 2019 жылы Қазақстан мен Қытай бірлесіп «Композитор» көркем фильмін түсіріп, онда Сянь Синхайдың еліміздегі өмірі мен шығармашылығы, соның ішінде алғаш көмек қолын созған Бақытжан Байқадамовпен арасындағы достастығы көрсетілген. Өзі қиын заманда өмір сүргеніне қарамастан қазақ композиторы 1942 жылы қыстың күні далада тоңып отырған муызантты көріп, үйіне әкеліп 1 жыл бойы бағады. Осындай қазақ елінің мейірімділігіне, досшылдығына, жанашырлығына арнап қытай композиторы «Амангелді Иманов» симфониялық поэмасын, «Бүкіл өзен қызыл тартты» шығармаларын жазған.

Еліне орала алмайтынын сезген қытайлық композитор Бақытжан Байқадамовқа оның отбасын, жалғыз қызын тауып, келешекте жақын араласуларын аманат еткен болатын. Ол қысқа ғана ғұмырында 300-ден астам шығармалар жазып, қытай музыкасына үлкен үлесін қосып, кейіннен Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болған. 2000 жылы қазақ композиторына ашылған мұражайда, қытайлық композиторға арнап ескерткіш тақта қойылған.

Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бақытжан Байқадамов өз өмірінде көп дауысты хор музыкасы жанрын қалыптастыруда ерекше еңбек етіп, Қазақ радиосында хор жетекшісі, кейіннен әйелдер ән-би ансамблінің жетекшісі әрі дирижері, Қазақ филармониясын басқарған.

«Айгөлек», «Бөбегім», «Почташы», «Домбыра», «Су тасушы қыз» және басқа да әндері мен «Майра», «Он алты қыз», «Тойбастар» секілді хорға арналған шығармалары бар.

«Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық Shinework және Pictures China Film Coproduction Corporation компаниялары бірлесіп түсірген фильм 2017 жылы бастау алып, оның көп бөлігі Қазақстанда түсірілген.

Айта кету керек, екі елдің композиторларының достығын еске алу іс-шараларын өткізу туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Қытайға мемлекеттік сапары барысында екі мемлекет басшылары деңгейінде келісілген болатын.

Одан бөлек, қазан айында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев 2008 жылы денсаулық сақтау және демалыс кәсіпорыны ретінде құрылған жеке компания, 9 жыл бойы «China National Top 500» құрамына енген «Shanghai Shanyuhai Investment Group» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Сюн Сюнмен кездесті.

Бүгінде қытайлық компания денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, туризм, күтім қызметтері мен тау-кен өндірісі секілді салаларда бизнесін жандандыруда. Ал бүкіл әлем бойынша 100-ден астам рекрециялық және медициналық кешендер мен курорттарға, қонақ үйлерге ие.

Басқосуда тараптар елімізде тау-кен комбинатын салу жөніндегі жобаны талқылап, инвестициялау мүмкіндігі қарастырылды. Елші Қазақстанның инвесторларға көрсететін қолдаулары мен жеңілдіктерінен хабардар ете отырып, еліміздің әлеметтік-экономикалық дамуы мақсатында Үкіметпен қолға алынған, атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Сонымен қатар, қытайлық компания елде қонақүйлер, емдеу-сауықтыру орталықтарын, өнеркәсіптік парк салуға қызығушылық танытуда.

Қазан айындағы тағы бір маңызды кездесулердің бірі  «Huadian Overseas Investment» компаниясының директорлар кеңесінің Төрағасы Цю Тяньгэнмен өтті. Онда тараптар елімізде энергия саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды, сонымен қатар Маңғыстау облысында бу-газ қондырғысын салу жобасына қатысу мәселелерін талқылады.

Қазақ Елшісі Шахрат Нұрышев Қытай көшбасшысының елімізге мемлекеттік сапары аясында екі елдің Мемлекет басшыларымен энергетика саласында ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімді іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін, сонымен қатар еліміздің энергетика саласындағы жобаларымен таныстырды.

Өз кезегінде Цю Тяньгэн электр және жылу энергиясын өндіретін қытайлық мемлекеттік корпорациясы қызметімен, оың ішінде Қазақстандағы «Huadian Overseas Investment» жұмысымен таныстырып, энергетика саласында елімізбен ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, компания биылғы жылы «Fortune Global 500» құрамында 336-шы, ал «China National Top 500» құрамында 85-ші ірі қытайлық кәсіпорындар қатарына кіреді. 2024 жылдың 9 айындағы кірісі шамамен 46 млрд долларды құраса, жалпы активі 138 млрд долларды құраған.