14.10.2024 в 11:47

АБАЙ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

Халықтың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін инфрақұрылымды жақсарту маңызды. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында, өңірлерге берген тапсырмаларында осы мәселені жиі қозғап, нақты көрсеткішті талап етеді. Экономиканың негізгі тетіктерінің бірі саналатын инфрақұрылымды дамыту үшін Шымкент қаласында кешенді жұмыстар атқарылуда. Өңірлік коммуникациялар алыңында Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан ауданға қарасты елді-мекендерде табиғи газ 85 пайызға шешілгенін мәлімдеді.

Аудан әкімдігіне қарасты жалпы 27 елді мекенде 55 159 үй бар. Ал, 220 көп қабатты тұрғын үйде 257,7 мың халық орналасқан. Сонымен қатар, 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысандар бар. Бүгінгі таңда ауданды инфрақұрылым жүйелерімен қамту көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырған өскен. Мәселен, халық 100 пайыз ауыз суммен және электр жарығымен қамтылған. Ал, табиғи газбен қамту 23 елді мекенді ғана қамтып отыр. Ол 85,2 пайызды құрайды.  Қазіргі уақытта 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ тұрғын алабында 95 пайыз, Қайнарбұлақ саяжайында 80 пайыз, Ынтымақ-2 шағын ауданында 75 пайыз, Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабында 60 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған. Аталған 4 елді-мекенде газ жүйесінің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланыпты. Дегенмен, аудан әкімі тұрғындарға көмір алып, қыстың қамын қазірден жасау керектігін ескертті. Себебі, сол елді-мекендердегі табиғи газдың 100 пайыз қыс түскенге дейін беріледі дегенге кепілдік жоқ екендігін айтты.

Абай ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2022 жылдың соңына дейін Абай ауданында 29 көше жарықтандырылып, жарықтандырылған көшелер саны 193-ке жетті. Бұл аудан көшелерінің 15,3 пайызы жарықтандырылды дегенді білдіреді. Қаладағы көшелерді жарықтандыру мәселесін шешу мақсатында, 2023 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 13 көшеге жарық шамдар орнатылды. Осылайша, қамту көрсеткіші 15,1 пайызға дейін өсті. Сонымен бірге, тұрғындардың өз қаражатына 17 көшеге жарық шамдар орнатылып, бұл жұмыстар да қаланың жалпы жарық жүйесіне қосылды.

- 2024 жылға арналған жоспарлар бойынша, қала әкімінің тапсырмасы негізінде көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру үшін 86 көшеге бюджеттік өтінім жасалды. Бұл мақсатта 500 миллион теңге қарастырылып отыр. Егер бұл жоспар сәтті жүзеге асса, аудан көшелерінің жарықтандырылу көрсеткіші айтарлықтай өсіп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы арта түспек, - деді Шәкір Сұлтанхан.

Бұдан бөлек, Абай ауданы әкімі аппаратына 3 887,6 млн.теңге. қаржы бөлінген. Олар, мақсатты түрде мекемені күтіп ұстау шығыстары, мерекелік іс-шаралар, елді мекендерді абаттандыру, балалар алаңшасын салу, ашық спорт алаңшасын салу, гүлзар салу, қоқыс алаңшасын орнату, аяқ жол салу, мерекелік безендіру, көшелерді жарықтандыруға, мемлекеттік жекешелік әріптестік жобаларына, коммуналдық мемлекеттік мекеменің жұмысына жұмсалыпты.