14.10.2024 в 16:38

ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында 390 көше бар, оның ішінде 124 көше (31,8%) жарықтандырылған. Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткізген «Әл-Фараби ауданының 2024 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясында айтты. Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылы бюджеттен 118 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 62%-ға жеткізу көзделуде. 2024 жылдың 4 мамырында қабылданған қалалық мәслихат шешімі бойынша, түнгі жарықшам бағаналарын орнату жұмыстарын Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізуде. Қазіргі уақытта 118 көшеге жарық шамдары орнатылып, іске қосылған.

Рашид Мамытұлының айтуынша, демеушілер есебінен тағы 50 көше ұсынылып, 22 көшесі жарықтандырылған. Жалпы, жыл соңына дейін аудан бойынша 342 көше жарықтандырылады, бұл 87,6% құрайды. 2024 жылы аудан аумағында 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. 366 көшесі (245 шақырым) асфальтталған, 24 көше (15 шақырым) тас жол. Жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 32 көшеге асфальт қабатын салу жұмыстарын жүргізуде. Олардың арасында орталық көшелер мен жаңадан асфальтталған орамдық көшелер бар. 2024 жылға асфальтталған көшелер саны 366-ға жетіп, 94%-ды құрайды.

Айта кетейік, аталған баспасөз брифингіде аудан әкімі аудандағы инфрақұрылымы толыққанды, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылғанын да атап өтті. Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату үшін 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінгендігін де жеткізді.


Демеушілер есебінен тағы 50 көше ұсынылып, 22 көшесі жарықтандырылған. Жалпы, жыл соңына дейін аудан бойынша 342 көше жарықтандырылады.


«Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. "Көп тұтынсаң – көп төлейсің" қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн» деген болатын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.