15.10.2024 в 11:38

НӘЗІКЖАНДЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КУРС МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«Алтын Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қыз-келіншектер арасында тәжірибе алмасу бойынша және дамытуға арналған курстар өтті. «Әйел. Қоғам. Саясaт» жобасы аясында «Ұрпақ теңдігі» атты әйелдерді дамытуға арналған 3 күндік курстың алғашқы күні мәресіне жетті.
Курсты профориентолог маман Әбілдәбеков Қанат Айдарбекұлы мемлекеттік бағдарламалар және өз ісін табу бойынша өткізді. Жалпы 3 күн бойына көшбасшылық дағдылар, коммуникация шешендік өнерді дамыту және өмірлік дағдыларды дұрыс қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындау мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, қоғамдағы әйелдердің көшбасшылық қабілетін арттыру бойынша сабақтар жүргізіледі.


Жоба жетекшісі Бораш Лаура аталмыш курс аясында 150 әйел «Ұрпақ теңдігі» курсы бойынша білім алатынын жеткізді. Курс соңында әрбір қатысушыға арнайы сертификаттар табысталады.
Жалпы, мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымының қо,амдағы орны ерекше екенін үнемі айтып жүр. 


«Менің бастамаммен өкілді билік саласында әйелдерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Әйелдер қауымы жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс», деді Президент.


Расында, қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді.