16.10.2024 в 18:28

Журналистер төтенше жағдайлар орнынан репортаж жүргізу шеберлігін меңгерді

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Құтқарушылар күні аясында БАҚ өкілдеріне арналған кедергілер жолағын ұйымдастырды. Бұл жолақты еңсеру арқылы журналистер төтенше жағдайлар орнында жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді.


Өскемен қаласының №8 өрт сөндіру бөлімшесі базасында оқиға орындарын имитациялайтын түрлі локациялар құрылды. Журналистерге өрттен, жер сілкінісінен кейінгі үйінділерден, биіктіктегі апаттық-құтқару жұмыстарынан, су тасқыны қаупі бар аймақтан және азаматтарды эвакуациялау орындарынан репортаж жүргізу міндеті жүктелді.


БАҚ өкілдері экстремалды жағдайларда жұмыс істеуді өз бастарынан өткізіп, құтқарушы мамандығының қаншалықты қиын әрі абыройлы екенін сезінді.


«Мен өрт аймағынан өттім, мұндай жағдайда көрінбеу мен қалыпты тыныс алудың қиындығымен күресу өте ауыр болды. Ал маған сол сәтте репортаж жүргізу керек еді. Осындай жағдайда, әсіресе ауыр қорғаныс киімінде жұмыс істеп, адамдарды құтқару қаншалықты қиын екенін түсіндім», - деді «Вuqara.KZ» сайтының журналисі Дидар Ерболатқызы.


«Мен құтқарушылардың кәсібіне үлкен құрметпен қараймын. Олар өз өмірлерін қатерге тігіп, халықтың қауіпсіздігі үшін отқа да, басқа төтенше жағдайларға да кіріседі. Бүгін мен де экстремалды жағдайлардан өтіп көрдім, кейде қорқынышты сәттер де болды», -деп бөлісті «Журналистік тергеулер агенттігінің» редакторы Алексей Божков.


ШҚО ТЖД баспасөз қызметі