18.10.2024 в 15:49

КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУЛЕР КЕСТЕГЕ САЙ ӨТУДЕ

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Президент пәрменімен елімізде азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріліп отыр.


Шымкент қаласының басшысы Ғабит Сыздықбеков шаһар тұрғындарымен бетпе-бет жүздесіп, талап, арыздарын тыңдап, сауалдарына жауап беріп жүр.. Қалаға қарасты бес аудан аумағындағы шағын аудандардың тұрғындарымен жүздесіп, халықтың түйіткілді мәселелерін шешуге ықпал жасауда. 
 Алғашқы кездесу Абай ауданының «Самал-2», «Шұғыла», «Ынтымақ-2», «Қызылжар», «Жайлау» және «Алтынтөбе» шағынаудандарының тұрғындарымен өтті. Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастары, балалар ойын алаңшасын салу, бейнебақылау камералары мен көше жарығын орнату, жолды асфальттау және кеңейту, қоғамдық көлік жұмысы мен кәріз жүйесін тарту секілді маңызды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, кездесуде ұялы байланыс сапасы, жол белгілері мен бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен ирригация жүйесінің жоқтығы, қоқыс шығарудың уақытылы жүргізілмеуі де назардан тыс қалмады. Тұрғындар мектептер, шағын футбол алаңдары, мешіттер, балабақшалар және мәдениет үйлерін салу қажеттілігі жайлы да ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелердің кейбірі сол жерде шешімін тауып, қалғандары аудан әкімдігі мен тиісті басқармалардың жұмыс жоспарына енгізілетін болды. Шаһар басшысы шымкенттіктерге қала тазалығын қатаң сақтауды, қоршаған ортаны күтіп ұстауға шақырды. 
«Қаланың тазалығын тек коммуналдық қызметтерге жүктеуге болмайды, себебі шын мәнінде тазалық әрбір тұрғынның қоқыс тастамауынан басталады. Тазалықты сақтау табалдырықтан басталады, яғни әрқайсысымыз аула тазалығына мән берсек, бұған қатысты ешқандай мәселе болмайды. Сондықтан да, тазалықты әр адам өзінен бастап, айналасындағы адамдарға үлгі болуы тиіс деп ойлаймын»,  деді қала әкімі Ғабит Әбдіжамитұлы.

«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Халық пен саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында диалог орнатуда Ұлттық құрылтай маңызды орын алады. Қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мен нығайту бойынша да ықпалы зор» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.