19.10.2024 в 19:34

Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндері өтті

Қазақ-армян арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Президенті  Ваагн Хачатурян кездесті.

Елімізге ресми сапармен келген Армения Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, Құрмет қарауылының  бастығы Президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалып, бір-біріне делегация құрамын таныстырды.

Одан әрі, Қазақстан мен Армения Президенттері келіссөздер жүргізіп, мемлекеттер арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту бағыттарын қарастырды.

Биыл екі ел арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойғанына 25 жыл. Осы аралықта сауда-экономикалық байланыстармен қатар, мәдени-гуманитарлық қатынастар да жақсы дамыған. Соның бірден бір дәлелі биыл Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндері өткізілсе, келер жылы Арменияда Қазақстан мәдениетінің онкүндігін өткізу жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш ресми сапармен келген Ваагн Хачатурянға бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қазақ-армян қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруға ұмтылыс ретінде бағалайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Армения Президенті қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, еліміздің дамуы мен өркендеу қарқынына тәнті екенін жеткізіп, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

Келіссөздер барысында еліміз Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісімге келу үшін Алматы алаңын ұсынуға дайындығы айтылды.

Одан бөлек, тараптар көлік-логистика, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, қаржы, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың болашағымен қатар, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Одан соң Президенттер Арменияның мәдениет күндеріне орай ұйымдастырылған арнайы концертке қатысты.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында алдымен армян кинорежиссері және суретшісі Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған театр фойесіндегі фотокөрмені тамашалады. Онда  Сергей Параджанов музейінің мұрағатынан 45 фотосурет ұсынылса, оның ішінде 20-сы кинорежиссердің өмірінен ұсынылса, 25-і көркем туындыларына бағытталған.

Одан кейін КСРО-ның алғашқы джаз ұжымдарының бірі саналатын Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі әлемге әйгілі армян композиторларының шығармаларын орындап, бай репертуарларымен көрермендерді тәнті етті.  

16 қазанда режиссер Эдгар Багдасарянның «Яша и Леонид Брежнев» атты көркем фильмі көрсетілсе, мәдениет күндері Соса Саркисян атындағы «Амангаин» мемлекеттік театрының «Лю-Беф» спектаклімен қорытындыланды.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян  «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен танысты. Бүгінде аталған орталық арқылы 13 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Әлемдегі 80-нен астам елден 3200-ге жуық компания жұмыс жасайтын орталықта қаржы қызметтері мен сақтандыру саласында Арменияның 6 ірі компаниясы бар.

Бұл Орталық пен Армения Республикасының Орталық банкі арасында Банк және сақтандыру қызметтерін, бағалы қағаздар нарығын қадағалау және реттеу саласындағы өзара іс-қимыл туралы меморандум түзілген.

Сонымен қатар, ресми сапардағы маңызды оқиғалардың бірі Astana Hub пен Tumo Ventures арасындағы серіктестік туралы меморандумға қол қоюы болды. Бұ меморандумға Орталық Азиядағы ең ірі IT-технопарк болып табылатын «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің жұмысымен таныстырылуда орын алды. Басты мақсат – еліміздің жасанды интеллект ұлттық базасында TUMO шығармашылық технологиялар мектебін құруды көздейді.

Стартаптарды қолдап, жоғары білікті мамандарды дайындайтын Astana Hub-та бүгінде 1500-ден астам IT-компаниялар болса, оның 400-ден астамы шетелдік қатысуымен.

Оның ішінде, 46 елдің 750-ден астам қаласында қызмет көрсететін inDrive IT компаниясы, ойын арқылы мектеп оқушыларына программалауды үйретенін CodiPlay компаниясы, Higgsfield AI – жасанды интеллект көмегімен бейне жасау платформасы және басқалары бар.

Ал, TUMO шығармашылық технологиялар орталығы жасөспірімдерге оқуларын өз бетімен басқаруға мүмкіндік беретін тегін білім беру бағдарламасы. Бүгінде Арменияның 19 қаласында 19 TUMO Box жұмыс істесе, әлемнің 9 қаласында орталықтары орналасқан. 15 оқу бағытында ұйымдастырылған бағдарламада анимация, музыка, жазу, программалау, сурет салу, графикалық дизайн, кинематография, фотография, жаңа медиа, робототехника бар. Яғни, әр балаға өзінің қызығушылығына және мүмкіндіктеріне қарай жеке оқу траекторияларын құруына жол ашады.

Одан бөлек, Қазақстандағы Арменияның мәдениет күндері аясында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян кездесіп, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды талқылады.

Министрлер өнер, көркем фильм түсіру, мұрағат салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылап, серіктестікті одан әрі нығайтуды қарастырды.

Кездесу соңында мемлекеттердің музейлері, суретшілері, мұражайлары арасындағы байланысты нығайту, жастар саясаты мен волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған  2025-2026 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара байланыс жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Қорыта келе, бұл ресми сапар Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайта түсуге септігін тигізбек.