«Видеть музыку» халықаралық фестивалі аясында «Абай» операсы 70 жылға жуық уақыттан кейін Ресей сахнасында алғаш рет көрсетілді.
Қойылымға құрметті қонақтар ретінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Кузнецов, Ресейлік танымал опера режиссері Михаил Панджавидзе және басқалар қатысты.
Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазылған «Абай» - композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің операсы. 1978 жылы композиторларға «Абай» операсы үшін Қазақ КСР-нің мемлекеттік сыйлығы берілген болатын. Оның алғашқы қойылымы Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 1944 Қазақтың опера және балет театрында қойылған.
Операда композиторлар қазақ халқының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін суреттей отырып, ұлы Абай тұлғасын байларға қарсы күрес үстінде көрсете білген. Сонымен қатар, спектакль қазақ эпосының, мәдениетінің сұлулығын аша білген. Басты рөлдерді еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев (Абай), Салтанат Ахметова (Ажар), Мейір Байнеш (Айдар) орындаған.
Қазақ әдебиетінің он күндігін мерекелеу аясында 1958 жылы Мәскеуде көрсетілген «Абай» операсы, бүгінде Ресейдің үлкен сахнасында көрерменге жол тартты.
Қазақ тілінде қойылған операны көрермендер таңырқай тыңдасып, сарапшылар операның қойылымына, әртістердің оны алып шығуына өте жоғары баға берді.
Мәселен, ресейлік профессор Николай Кузнецов осындай керемет қойылымды алып келген «Астана опера» әртістеріне таңданысын білдіріп, «Абай» операсымен бұрыннан таныстығын, тіпті аудармасын білетіндігін ерекше жеткізіп, бұл Мәскеудегі қазақ операсының жетістігі деп атап өтіп, алдағы уақытта да қазақтың заманауи композиторларының қойылымын күтетіндігін айтты.
Ресейлік сарапшылар қойылымның ауқымдылығына таңғалыстарын жасырмай, ұжымның жұмысын өте жоғары бағалады. Ғаламдық деңгейдегі тұлға – ұлы Абайдың еңбектері ешқашан ұмытылмайтыны айтылып, оның шығармаларының оқырмандарға берер тағылымы мол екендіктерін жеткізді.
Мәскеуде тұратын отандастарымыз да қойылымнан қалмай, қазақ тарихын ұмытпасын деген ниетпен балаларын да ала келген.
Іс-шараны қорытындылаған Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Линчевский әлемдік сахнада көрсетуге лайықты деңгейде орындаған әрбір әртістің жұмысына, опера театрына жүрекпен орындалған қойылымға алғысын білдіріп, Мәскеу сахнасында спектакльді көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
Лық толған зал қазақ өнеріне ерекше құрмет танытып, «Абай» операсы көрерменнің көңілінен шыға білді.