20.10.2024 в 20:16

Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Қазақстан Тәуелсіздігін 1991 жылы желтоқсанда мойындаған бірден-бір мемлекеттердің бірі Финляндия Республикасы болып табылады. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнап, 2010 жылы Финляндияның Қазақстандағы Елшілігі, 2012 жылы Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі ашылған.

Екі ел арасындағы 2022 жылғы сауда айналымы 202,2 млн долларды, ал тікелей инвестиция көлемі 18,3 млн долларды құрайды.

Мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында фин көрермендерінің назарына «Қыз Жібек», «Анаға апарар жол», «Әміре» және басқа да қазақ фильмдері көрсетілсе, білім саласында Хельсинки және Аалто университеттері «Болашақ» бағдарламасы бойынша ұсынылатын оқу орындарының тізіміне енгізілді. Ал, Финляндияда «Сәуле» қазақ мәдени орталығы ашылды.

Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жылдан астам уақыт аралығында түрлі деңгейдегі келіссөздер мен іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылып, саяси, мәдени диалогтар жолға қойылды.

Мәселен, биылғы жылдың қазанында Қазақстан Елшісі  Азамат Әбдіраимов Вантаа қаласының мэрі Пекка Тимоненмен, Радиациялық және ядролық қауіпсіздік орталығының (STUK) Бас директоры Петтери Тиипанамен, ФР Парламентінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Киммо Кильюненмен, Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрімен және басқа да бірқатар салалардың өкілдерімен кездесті.

Вантаа қаласының мэрі Пекка Тимоненмен кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, тамақ өнеркәсібі, көлік-логистикалық, жасыл энергетика, инновация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын айқындады. Негізінде, Финляндияның экономикалық өсуінің драйвері болып табылатын Вантаа қаласында бизнес-парктердің санының көптігіне орай, финдық ірі компаниялардың штаб-пәтерлері сонда орналасқан. Вантаа 2021 жылы Rising Innovative City санатында Еуропалық инновациялық қала ретінде танылған.

Радиациялық және ядролық қауіпсіздік орталығының (STUK) Бас директоры Петтери Тиипанамен кездесуде, қазақстандық дипломат еліміздің ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлімен, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты энергетикалық болашақты қамтамасыз етуге бағытталған атом энергетикасын дамыту жоспарларымен бөлісті.

Ал, Петтери Тиипана атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйымның қызметімен таныстырып, бұл саладағы тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу нәтижесінде тараптар атом энергетикасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында екі елдің мамандары арасында тәжірибе алмасуға келісті.

Азамат Әбдіраимов Финляндия Парламентінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Киммо Кильюненмен кездесуде мемлекеттердің парламенттері арасындағы әріптестіктің болашағы мен жетістіктерін талқылап, одан әрі серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастырды.

Сонымен қатар, қазақ Елшісі елдегі саяси өзгерістерден хабардар ете отырып, Қазақстан мен Финляндия арасындағы түрлі салаларда орын алған ынтымақтастық пен оны одан әрі дамыту бағыттарын атап өтті.

Ауыл және орман шаруашылығы министрімен кездесуде еліміздің орман шаруашылығын дамытудағы жобалары мен атқарылған жұмыстардан хабардар ете отырып, экологиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер мен қолдаулар жайында ақпарат берді.

Сондай-ақ, тараптар орман шаруашылығы, азық-түлік және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын талқылай отырып, бұл салада тәжірибе алмасуға келісті.

Финляндияның ішкі істер, сыртқы істер, білім, мәдениет, экономика, жұмыспен қамту, қоршаған ортаны қорғау министрліктері өкілдерінің қатысуымен өткен жиналыста, Қазақстан Елшісі елдегі саяси өзгерістерден, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша еліміздің бастамаларынан хабардар етті.

Сонымен қатар, тараптар әрбір сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытуды, жасыл экономика, білім, орман шаруашылығы, киберқылмысқа қарсы күрес бойынша мәселелерді талқылады.