11.10.2024 в 14:52

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

Түрікменстанға мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Ашхабад әуежайынан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен соң екі елдің әнұрандары орындалып, одан әрі екіжақты кездесу ұйымдастырылып, қазақ-түрікмен арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Ең алдымен Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Халк Маслахатының төрағасына алғысын білдіріп, ресми сапардың мақсатына, сонымен қатар екі ел арасындағы түрлі салалардағы қарым-қатынасқа тоқталды. Сондай-ақ, бұл әріптестіктің дамуындағы Гурбангулы Бердімұхамедовтың үлесі зор екенін атап өтті.

Қазақстан Президентіне ілтипатын білдірген Халк Маслахатының төрағасы бұл сапар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты бекіте түсетініне сенімін білдірді.

Бұған дейін Қазақстанда түрікменнің ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылған болса, Ашхабадта ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтіп, Қазақстан Президенті арнайы қатысты.

Мемлекет басшысы ұлы ақынның өмірі мен шығармаларына тоқталып, туындылары әр адамды еңбекке, білімге, отаншылдыққа тәрбиелейтінін атап өтті.

Тарихы бір, мәдениеті мен тілі ұқсас түркі халқына ортақ қос тұлғанының еңбектерін ұрпаққа жеткізу басты мақсат. Ұлы ойшылға арналған ескерткіштің ашылуы екі ел арасындағы бауырластықты одан әрі күшейте түсуге арқау болмақ.

Басқосуда Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевты Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттады.

Одан әрі «Оғызхан» сарайында екі мемлекеттің Президенттері кездесіп, Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов делегация құрамын таныстырып, алдымен шағын құрамда, сосын кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық, энергетика, көлік, логистика салаларындағы ынтымақтастықпен қатар, сауда-экономикалық қарым-қатынастың маңыздылығы талқыланды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық соңғы кездері қарқынды дамып, бүгінде еліміз эспортты 80 тауар бойынша 120 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын.

Одан бөлек, тараптар шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды талқылап, ірі коммерциялық және ұлттық компанияларды құрылыс, логистика, өнеркәсіп секілді салалардағы ірі жобаларда күш біріктіруге шақырды.

Одан әрі Президенттер Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдап, екі елдің делегациялары бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.

Мәселен, екі елдің Үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру, көлік, логистика және транзит саласындағы стратегиялық ынтымақтастық, қылмысқа қарсы күрес бойынша ынтымақтастық, ауыл шаруашылығындағы, туризм, спорт салаларындағы ынтымақтастық туралы және басқа да келісімдер, меморандумдар мен жоспарларға қол қойды.

Сонымен қатар, екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару мақсатындағы сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасап, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа, қол жеткізілген келісімдер мен қол қойылған маңызды құжаттардан хабардар етті.

Достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдаудағы мақсат – қазақ-түрікмен арасындағы әріпестікті жаңа деңгейге шығару екені айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарға қол қою маңыздылығы, алдағы бірлескен іс-шаралар мен сауда-экономикалық байланыстардың жай-күйі хабарланды.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 28 пайызға артып, жарты млрд долларды құраса, тараптар жақын уақытта 1 млрд долларға ұлғайтуды жоспарлауда.  

Ал, бұл ресми сапарда тауар номенклатурасын көбейтіп, айналымының көлемін арттыру, әсіресе елімізден бидайды экспорттауды ұлғайтуды қарастырды.

Ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі саналатын – энергетика саласында да бірқатар ілгерілеулер бар. Мәселен, ресми сапар барысында QazaqGaz компаниясы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылды.

Көлік-транзит саласында былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүктердің көлемі 20 пайызға артып, 1,5 млн тоннаны құраған. Бұл бағытта «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол бағыты маңызды рөл атқарса, бүгінде «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан» темір жолын салу перспективасы талқылануда.

Ресми сапар барысында талқыланған маңызды салалардың бірі – мәдени-гуманитарлық бағыт. Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылай келе, қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын Түрікменстанда ашу мүмкіндіктерін қарады.

Сонымен қатар, Ашғабатта Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев пен Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмет Курбановтың қатысуымен саяси консультациялар өтіп, тараптар жоғары және аса жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыруды талқылады.